Жаңаөзен кәсіпорындарының қаржы-шаруашылық қызметін талдау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды

None
ЖАҢАӨЗЕН. ҚазАқпарат - Бүгін Жаңаөзенде қаланың мұнай өндіруші және мұнай сервис кәсіпорындарының қызметін талдау мақсатында «ҚазМұнайГаз» қызметкерлерінен құрылған арнайы жұмыс тобы өз жұмысына кіріседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚазМұнайГаз баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құрамына 33 маман кірген топқа ҚМГ басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов жетекшілік етеді.

Кеше ҚМГ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Астанада арнайы топ қатысушыларымен кездесу өткізді.

Оларға қаланың еңбек ұжымдарымен кездесу өткізу, жұмысшылардың еңбек жағдайымен, сатып алу қызметімен және кәсіпорындар жұмысының басқа да тұстарымен танысу міндеттері қойылды.

Жергілікті компаниялар қызметкерлерінің келісімшарт талаптарының бұзылғаны жөніндегі шағымдары, соның ішінде Астанада өткен арнайы комиссия жұмысы кезінде «БерАли Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері мәлімдеген шағымдар жеке қаралады.

Бұдан басқа, кәсіпорындардың қызмет түрлерін сатып алу рәсімдерінде сыбайлас жемқорлық қаупін анықтау мен жолын кесуге ерекше назар аударылады.

Жұмыс комиссиясы ұсынған талдау қорытындысы бойынша экономикалық және әлеуметтік сипаттағы өзекті мәселелерді шешуге арналған іс-қимыл жоспары жасақталады.

Еске сала кетейік, 10 сәуірде Энергетика министрлігі ғимаратының алдына 70-ке жуық жаңаөзендік мұнайшы жиналды.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ведомство ғимаратының маңайында түнеп шыққан жаңаөзендік жұмысшылардың талабы бойынша ресми шешім әзірленіп жатқанын айтты.

Бұл мәселеге пікір білдірген вице-премьер Алтай Көлгінов заң аясында әрекет ету қажеттігін, «тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шыққанын талап ету» дұрыс еместігін айтты.

11 сәуір кешкісін Энергетика министрлігі алдына жиналған бір топ жаңаөзендік мұнайшыларды полиция ұстап әкетті.

Кейін наразылыққа шыққан мұнайшылардың көшбасшылары мәлімдеме жасап, екі жақ келісімге келгенін хабарлады.

12 сәуірде мұнайшылар Жаңаөзенге қайтты.

Бір аптадан бері ҚазМұнайГаз бен мұнайшылар ортақ келісімге келу үшін мәселені талқылап жатыр.

Кеше ҚМГ басшысы Мағзұм Мырзағалиев екіжақты келіссөз жайында пікір білдірді.


Соңғы жаңалықтар