Жаңаөзен әкімі еңбек дауларын диалог арқылы шешіп, заңсыз әрекетке бармауға шақырды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңаөзен қаласындағы 5 мекемеде еңбек дауы жүріп жатыр. Наразылар күні кеше әкімдік алдына жиналып, үкімет басындағыларға бейнеүндеу жолдаған болатын. Қала әкімі Айбек Қосуақов әлеуметтік желідегі парақшасында еңбек дауларын диалог арқылы шешіп, заңсыз әрекетке бармауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек даулары белгілі бір тәртіппен жүруі тиіс. Бұл – екі тараптың өз ұстанымдарын егжей-тегжейлі түсіндіре отырып, қарама-қарсы дәлелдерді тыңдай алатын сындарлы диалог жолы. Алайда, көп жағдайда тараптардың бірі белгіленген тәртіпті елемей, өз мәселелерін ультиматум қою, заңсыз ереуілдер өткізу арқылы шешкісі келеді», - деп жазады ол.

Мұндай әрекетке арандатушылардың сөзіне еретіндер баратынына тоқталады. Бұл ретте жұмыс беруші ереуілді заңсыз деп тану үшін сотқа жүгінуге және сот оң шешім қабылдаған жағдайда жұмыстан босатуға дейін шаралар қабылдауға құқылы екенін атап көрсетеді.

«Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдында тұрған жұмысшылардың бұрын еңбек еткен компаниялары бүгінгі күні штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Жұмыс берушілер келіссөз кезінде қызметкерлеріне барлық заңдарды алға тарта отырып, заңсыз әрекеттер жасамауға шақырған. Алайда түсіндірме жұмыстары нәтижесіз аяқталып, компания басшылығы ұжымның өзге қызметкерлеріне кедергі келтірген азаматтарды сотқа беріп, жұмыстан шығаруға мәжбүр болды», - дейді Айбек Қосуақов.

Жұмыстан босап қалғандар бұрынғы жұмысына қайтаруды талап етіп, қала әкімдігіне барған.

«Алайда, мемлекеттік органдардың жеке компанияларға қандай да бір адамды жұмысқа орналастыру туралы нұсқау беруіне құқығы жоқ. Біз осы компаниялардың жұмыс берушілерімен және жұмысшыларымен бірнеше рет кездесіп, сөйлестік. Біз мәселені дау-дамайсыз шешуге шақырдық. Ереуілге шыққан барлық қызметкерлерге заңсыз әрекеттері үшін жұмыстан шығып қалулары мүмкін екендігі ескертілді», - дейді әкім.

Айбек Қосуақов жұмыс беруші штат пен жалақыны ауадан алып, көбейте алмайтынын, бұл – нарық заңы екенін түсіндіреді.

«Сондай-ақ, бізге бекітілген алгоритмнен айналып өтіп, мұнай саласына кезексіз жұмысқа орналасуды талап ететін жұмыссыздар санатындағы азаматтар өтініш білдіреді. Мен оларға бұл жөнінде бір емес, бірнеше рет айттым. Тағы қайталап айтамын, кезектен тыс жұмысқа орналасуға болмайды, өйткені бұл кезекте тұрған басқа кандидаттарға әділетсіздік болады. Кезегіңіз келгенше және кезегіңізді сақтай отырып, жұмыспен қамту орталығы ұсынатын 150 000-200 000 мың теңгеге дейінгі жалақсы бар басқа орындарда жұмыс істей аласыздар. Мен өз тарапымнан осы процестің ашықтығы мен әділетті боларына кепілдік беремін», - дейді Айбек Қосуақов.

Заңсыз талаптардың соңы ешқандай жақсылыққа апармайтынын айта келе, қала әкімі шағын және орта бизнес кәсіпорындарында жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірлік мемлекеттік бағдарламаларды енгізе отырып, экономиканы әртараптандыруға басымдық беріліп жатқанын жеткізеді. Тұрғындарды жұдырықтай жұмылып, ауызбіршілікте еңбек етуге шақырады.


Соңғы жаңалықтар