Жаңаөзен әкімі Айбек Қосуақов алаңға жиналған тұрғындарға үндеу жолдады

None
ЖАҢАӨЗЕН. ҚазАқпарат - Бүгін, 11 сәуірде халық Жаңаөзен қаласының әкімдігі алдына жиналды. Әкімдік алаңдағы Жаңаөзен тұрғындарына түсіндірме жұмысын жүргізді. Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласының әкімі жиналғандарға бейнеүндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
«Құрметті Жаңаөзен қаласының тұрғындары, қадірлі жерлестер! Бүгін барлығыңыз әлеуметтік желіден жерлестеріміздің Астана қаласында наразылық акциясын ұйымдастырып, полиция бөліміне жеткізілгені туралы ақпаратты көріп отырсыздар. Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, жерлестеріміздің жағдайы жақсы. Оларға қолданыстағы заңнама шеңберінде әкімшілік шара қабылданады. Әкімдік тұрақты негізде қала аумағында жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша шара қабылдап жатыр» деді әкім видеоүндеуде.

Оның айтуынша, Астанада наразылық білдірген азаматтармен алдын ала келіссөз жүргізілген.

Бұрын тендерден жеңілген компанияда жұмыс істегендерге еңбек жағдайы мен жалақысын сақтай отырып, тендерді жеңіп алған компанияға ауысу ұсынылды.

«Бірақ ұсыныс қабылданбады. Қасиетті Рамазан айында мен баршаңызды сабырға шақырамын! Мәселенің мәнін білмей, эмоцияға берілмеулеріңізді және арандатушылардың сөзіне еріп, қандай да бір заңсыз әрекеттерге бармауларыңызды сұраймын» деп түйіндеді сөзін Айбек Қосуақов.

Еске сала кетейік, кеше Энергетика министрлігі ғимаратының алдына 70-ке жуық жаңаөзендік («Бералы Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері) жиналды.

Бүгін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ведомство ғимаратының маңайында түнеп шыққан жаңаөзендік жұмысшылардың талабы бойынша ресми шешім әзірленіп жатқанын айтты.

Бұл мәселеге пікір білдірген вице-премьер Алтай Көлгінов заң аясында әрекет ету қажеттігін, «тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шыққанын талап ету» дұрыс еместігін айтты.

Бүгін кешке Энергетика министрлігі алдына жиналған бір топ жаңаөзендік мұнайшыларды полиция ұстап әкетті.


Соңғы жаңалықтар