Жаңақорғанда ұсақ малы қырылған шаруаларға өтемақы төленуі мүмкін

None
None
ЖАҢАҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында уақ малдары шығын болған шаруаларға өтемақы төленуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, 19 ақпанда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында ауа райының қолайсыздығы салдарынан уақ мал шығын болды.

Аталмыш оқиғаға байланысты тиісті сала басшылары түсініктеме берді.

«Жаңақорған ауданында 3 шаруа қожалығы иелегіндегі уақ малдар екі күн бойы толассыз жауған қардың астында қалып қойған. Тау беткейіне 50-60 сантиметр қар түсті. Айта кетерлігі, жергілікті шаруалар 1,5 мың уақ малды уақытынан ертерек «Қарабұлақ» жайлауынаа көшірген. Алайда олар ауа-райының қолайсыздығына тап болды. Соның салдарынан уақ мал шығын болды», - деді Қызылорда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев.

Қар астында өлген уақ малдың біршама бөлігі табылды. Қалғаны қар ерігесін толықтай түгенделеді. Қазіргі таңда өлген малдар суретке түсіріліп, сырғалары тіркеуге алынды.

«Шопандар жылда жайлауға ақпан айында баратын. Ол кезде мұндай жағдай кездесе қоймайтын еді. Биыл табиғат тосын мінез танытты. Алдымен жаңбыр жауып, оның соңы жаңбырға ұласты. Қазір қанша малдың шығын болғанын нақты айта алмаймыз. Жағдайдың анық-қанығын алдағы уақытта аудан әкімдігі жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы анықтайды», - деді Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тұрған Базарбаев.

Қар астында қалған мал саны қар ерігеннен кейін комиссия құрамымен қайта есептеледі. Айта кету керек, мал шығының өтемі төтенше жағдайлар жарияланғанда ғана төленеді. Ал оны жұмыс тобы анықтайды.

Соңғы жаңалықтар