Жаңақорғанда есірткі алқабы табылды

None
None
ЖАҢАҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында тыйым салынған 185 түп сора өсімдігін өсірген 2 тұрғын қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Есірткі алқабы Жаңақорған ауданының Төменарық елді мекенінен 5 шақырым қашықтықта қалың ағаш арасында болған. Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Көкнәр» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында аталмыш есірткі алқабын тапты. Сол жерде Қызылорда облысының 25-35 жастағы 2 тұрғыны ұсталды.

«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабының 2-бөлігі сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Онда құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi адамдар тобымен заңсыз егіп-өсіру жағдайы көрсетілген. Ұсталған азаматтар уақытша ұстау абақтысына қамалды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.

Бұдан бұрын Жаңақорған ауданына қарасты Түгіскен елді мекенінен 45 шақырым жерде есірткі алқабы табылған еді.



Соңғы жаңалықтар