Жаңақорғанда 63 отбасы қоныс тойын тойлады - Қызылорда облысы

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат -  Жаңақорған ауданында «Шалқия Цинк» АҚ мен «Стройсервис СК» ЖШС қызметкерлеріне арналған 63 пәтерлік 2 көпқабатты қызметтік тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

 «Бүгінгі күні баспана елдегі ең өзекті мәселелердің бірі екені даусыз. Дегенмен, өңірде пәтер мәселесін шешудің оңтайлы жолдары қарастырылып, түрлі байыпты бағдарламалар қолға алынып, жүзеге асуда. Мәселен, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында облыста арнайы «Орда» тұрғынүй құрылысының «Жол картасы» әзірленіп, облыстық бюджеттен жыл сайын қажетті қаржы бөлу туралы шешім қабылданды.  Оны іске асыруға 3,5 млрд теңге қарастырылды. Бұл бағдарламаның мүмкіндіктерін апатты үйлер мен жатақханаларда тұрған тұрғындар пайдаланып үлгерді", - деді аймақ басшысы.

 Қоныс той иелері де өз қуаныштарын жеткізді.

  "Ең алдымен, Елбасы мен облыс басшылығына үлкен алғысымды білдіремін. Жеке тұрғын үй алу  кез келген адам үшін үлкен қуаныш деп ойлаймын. Бұған дейін біз ата - анамызбен бірге тұрдық, бүгін жаңа екі бөлмелі, барлық жағдайы жасалған жайлы пәтерге ие болып отырмыз", - дейді "Шалқия Цинк" АҚ қызметкері Руслан Еңсегенов.

  Естеріңізге сала кетейік, осы аптада Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде 42 пәтерлік 2 тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Бұл үйлерді бюджет қызметкерлері, аз қамтылған отбасылар, жетім балалар мен апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындары алды.

Айта кетейік, бүгінде Қызылорда облысының аумағында 1747 пәтерлік тағы 69 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 55-і биыл іске қосылады, олардың қатарында Сырдарияның сол жағалауындағы 14 көппәтерлі тұрғын үйден құралатын тұтас шағын мөлтекауданды  пайдалануға беру жоспарланып отыр.

 Өңірде соңғы 2 жылда мемлекеттік қаражат және жеке мердігерлердің есебінен 500 мың шаршы метр тұрғын үй салынған.  

Соңғы жаңалықтар