Жаңақорғанда 300-дей уақ мал қырылып қалды - Қызылорда облысы

None
None
ЖАҢАҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында ауа райының қолайсыздығынан 300-ден астам уақ мал қырылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңақорған ауданы әкімдігінің хабарлауынша, осыған орай аудан әкімдігінен арнайы комиссия құрылды. Жолдың қолайсыздығынан алғашында комиссия мүшелерінің оқиға орнына жетуіне мүмкіндік болмады. Осыған қарай «Оңтүстік өңірлік аэромобилді жедел құтқару жасағынан» арнайы техникалар көмекке сұратып алынды. Арнайы техникалар келгеннен кейін аудан әкімінің өкімімен құрылған жұмысшы топ, шаруа қожалығы мүшелері, «Оңтүстік өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағы» мамандары оқиға болған жерге жетті.

«Жергілікті малшылар қыстаудан жайлауға мерзімінен ерте көшіп барған. Бұл уақыт ақпан айының алғашқы күндері еді. Ол уақытта ауа райы жылы болатын. Кейіннен ауа райы күрт өзгерген», - деп жазылған Жаңақорған ауданының әкімдігі таратқан хабарламада.

Онда сондай-ақ малшылар қоныс еткен аймақта қар қалың жауғандығы айтылған. Соның салдарынан мал шығыны болды. Атап айтқанда, «Бақытжан» шаруа қожалығының иесі Бақытжан Нәлібаев қар астында қалған 250 уақ малының небәрі 70-ін ғана таба алды. Ал жеке кәсіпкер Қалмаш Сәдуова қар астында қалған 57 уақ малдың 7-ін ғана тапты. Табылған уақ малдардың сырғасы құлағымен бірге кесіп алынды. Олар фотосуретке түсіріліп жинақталды. Қалғанын уақ малды қар ерімей табу мүмкін болмады.

Малдардың басы қар ерігеннен кейін комиссия құрамымен қайта саналып есептеледі. Бүгінгі күні бұл бағытта екі топ жұмыс жасауда. Оқиға орнына 2 тіркеме жоңышқа пресс шөбі жеткізілді.

Бұдан бұрын Қызылорда облысында көктайғақтың салдарынан жолда қалған 267 адам құтқарылған еді.

Соңғы жаңалықтар