Жаңақалада жасы жүзден асқан үш әжей тұрады

None
None
ОРАЛ. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО-ның Жаңақала ауданында ғасыр жасаған үш әжей тұрады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарасамыр қисымында 1901 жылы дүниеге келген Зылиха Ерекешеваның жасы жүзден асса да, жады мықты. Өз заманындағы оқиғаларды жіліктеп айтып отырады. Ері Байтұрған Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Өзі ауылда қой бағып, басқа да ауыр жұмыстарды атқарды. Бауырында қалған Арыстаны мен Орыншасын өсіріп, оқытты. Бес немере сыйлаған Арыстаны өмірден озса, өзі қазір келіні Уәсиланың қолында.

Бүгінде 103 жасқа толған Бақыт Үмбетиярова Бөкей ордасының Ноғайбай ауылдық кеңесінде өмір есігін ашқан. Ұлы Отан соғысы кезінде Қандыағаш-Атырау-Астрахан темір жолын салуға қатысқан ол ауылда мал да бақты. Кейініректе дүниеден озған ері Ғазез Үмбетияровпен елу жыл отасты. Бүгінде әжей кіші ұлы Ерназардың қолында.

Хибат Сағитова 1908 жылы Саркөл ауылдық кеңесіне қарасты «Кеңарал» деген жерде туылған. Ері Нұғыман Ұлы Отан соғысынан қайтқан жоқ. Баласы Медхаттан бес немере, сондай-ақ төрт шөбере сүйіп отыр.

«Біз қанша қиыншылық көрсек те, оған мойыған жоқпыз. Қазір ел тыныш, тұрмыс жақсы. Осы бақытымыздан айырмасын», дейді ғасыр асқан әжелер.

Соңғы жаңалықтар