Жаңадан тағайындалған 10 сенатор жайында не білеміз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 19 наурызда өтетін сайлау барысында сегізінші мәрте жасақталатын Парламент Мәжілісі құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 өкіл болмайтындығы, оларға тиесілі мандат саны 5-ке қысқарып Сенатқа берілгені белгілі. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен Парламенттің жоғары палатасында Ассамблея атынан өкілдік ететін депутаттардың есімі белгілі болды. Жалпы, санаулы сағат бұрын ғана Президент Жарлығымен Сенаттың 13 депутатының өкілеттігі тоқтады. Дегенмен, олардың ішінде Мәулен Әшімбаев, Нұртөре Жүсіп, Ләззат Қалтаева, Асқар Шәкіров және бұрын еліміздің Жоғары сотына төрағалық еткен Жақып Асанов Президент Жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалды. ҚазАқпарат оқырман назарына жаңа сенаторлардың өмірбаяндық деректерін ұсынады.

Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев 1971 жылғы 28 қаңтарда Алматыда туған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Тафтс университетінің Флетчер атындағы құқық және дипломатия мектебін (АҚШ) бітірген. Экономист - политэкономия мұғалімі, халықаралық қатынастар магистрі. Саяси ғылымдар кандидаты.

1993-1994 жылдары Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің жүйесінде жұмыс істеген. 1994 жылғы мамыр – 1995 жылғы наурыз аралығында – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі депутатының көмекшісі.

1995 жылғы маусым – қараша аралығында – Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының консультанты. 1995 жылғы қараша – 1999 жылғы сәуір аралығында - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Сараптау және стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, басшысының бірінші орынбасары.

1999 жылғы сәуір – 2000 жылғы мамыр аралығында – Қауіпсіздік Кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі. 2000 жылғы мамыр – 2002 жылғы ақпан аралығында – Қауіпсіздік Кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры.

2002 жылғы ақпан – 2005 жылғы мамыр аралығында – Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры. 2005 жылғы мамыр – 2006 жылғы сәуір аралығында – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары.

2006 жылғы сәуір – 2011 жылғы қазан аралығында – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары. 2012 жылғы қаңтар – 2018 жылғы ақпан аралығында –бесінші, алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.

2018 жылғы ақпан – 2019 жылғы маусым аралығында – «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. 2019 жылғы шілде – желтоқсан айларында – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 2019 жылғы желтоқсан - 2020 жылғы мамыр аралығында – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.

2020 жылдың мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды, алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып сайланды.

«Парасат», «Құрмет» ордендерімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен және мерекелік медальдармен марапатталған.

Асқар Оразалыұлы Шәкіров 1956 жылғы 2 ақпанда Қарағанды қаласында туған.

М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Азия және Африка институтын, КСРО ІІМ академиясының күндізгі адьюнктурасын бітірді. Заң ғылымдарының кандидаты. Ағылшын және қытай тілдерін меңгерген. 1 класс Төтенше және Өкілетті елші дипломатиялық рангісі бар.

1978 жылдан 1992 жылға дейін КСРО Ішкі істер министрлігінің жүйесінде жұмыс істеді. 1992 жылдан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Шарттар-құқықтық басқармасының бөлім меңгерушісі, бастықтың орынбасары, бастығы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі алқасының мүшесі. 1995 жылдан 1996 жылға дейін – Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы істерінде уақытша сенімді өкіл. 1996 жылғы мамыр - сәуір айлары арағында – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалары бойынша елші.

1996 жылдан 1998 жылға дейін – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары. 1998 жылдан 2004 жылға дейін – Қазақстан Республикасының Индиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі.

2004 жылғы тамыз айынан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары. 2006 жылғы ақпаннан 2007 жылғы маусымға дейін – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кеден комитетінің төрағасы. 2007 жылғы қыркүйектен – Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.

2012 жылғы 27 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалған. 2017 жылғы 4 қыркүйекте – ҚР Президентінің ұсынуы бойынша ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне сайланды.

2019 жылғы 13 тамызда – Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды. 2019 жылғы 2 қыркүйекте – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары болып сайланды. «Құрмет» орденімен және 21 медальмен марапатталған.

Нұртөре Байтілесұлы Жүсіп 1961 жылы 29 сәуірде Қызылорда облысы Шиелі ауданы Керделі кентінде дүниеге келген.

Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. «Біз кімнен кембіз?», «Қазақ қызы», «Елес пен белес», «Мың құмырсқа және Біз» кітаптарының авторы.

Еңбек қызметінің бірінші сатысын Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газеті агроөнеркәсіп бөлімінің журналисі болып бастады. Бұл газетте Көлік және коммуникация бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеді.

1990-1996 жылдары – «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің аға тілшісі, Бас редакторының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары. 1996-2002 жылдары – «Жас Алаш», «Ақ жол Қазақстан», «Егемен Қазақстан», «Астана Хабары» газеттерінің бас редакторы.

2008-2019 жылдары – «AIQYN» республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газетінің бас редакторы. 2019 жылғы 12 тамыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды.

«AMANAT» партиясының мүшесі. 2022 жылғы 8 желтоқсаннан бастап ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы.

Ләззат Молдабекқызы Қалтаева 1965 жылы 4 ақпанда Қызылорда облысында дүниеге келген.

Абай атындағы қазақ педагогикалық институт, Каспий қоғамдық университетін бітірген.

Алматы қаласы Алатау ауданы мүгедектер қоғамының «Тұмар» көпсалалы шағын кәсіпорнының маркетинг жөніндегі инженері, «Виктория» шағын кәсіпорнының маркетинг жөніндегі инженері, «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығы «қоғамдық бірлестігінің төрағасы болған.

2022 жылдың 28 қаңтарында Президент Жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалған. Amanat партиясы Саяси кеңесі Бюросының мүшесі, «Құрмет» орденімен марапатталған.

Жақып Қажманұлы Асанов 1963 жылы 17 тамызда Қызылорда қаласында дүниеге келген.

Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты.

Университетті бітіргеннен кейін Қызылорда облыстық адвокаттар алқасында тағылымдамадан өтті. 1985-1986 жылдары Қызылорда облысының прокуратура органдарында облыс прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі және облыстық прокуратурада бөлім бастығы қызметтерін атқарды.

1993-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Жалпы қадағалау басқармасының аға прокуроры, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Жалпы қадағалау басқармасының Банктер, қаржы-несие қатынастары туралы және тексеру органдарындағы заңнаманың сақталуын қадағалау бөлімінің бастығы.

1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Заңдылық, құқықтық тәртіп және сот реформасын қамтамасыз ету бөлімінің консультанты, сектор меңгерушісі. 1996-1997 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Салық полициясы басқармасы бастығының бірінші орынбасары.

1997-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының аға көмекшісі - Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасы бастығының орынбасары, осы Басқарманың бастығы, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы. 2001-2002 жылдары - Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары.

2002-2003 жылдары - Павлодар облысының прокуроры. 2003-2005 жылдары - Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі. 2005-2007 жылдары - «Атамекен» Қазақстан кәсіпкерлері мен жұмыс берушілерінің жалпыұлттық одағы атқарушы директорының орынбасары, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы.

2006-2007 жылдары - «Ордабасы» корпорациясы» АҚ президенті және директорлар кеңесінің мүшесі. 2007-2011 жылдары - IV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 жылы қаңтар- қыркүйек - V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012-2017 жылдары ҚР Бас прокурорының орынбасары. Бас прокуроры. 2017-2022 жылдары ҚР Жоғары сотының төрағасы болған.

«Құрмет» орденімен; «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен; «Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.

Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан тағайындалғандардың қатарында таяуда ғана тараған Мәжілістің депутаттары болған Шиповских Геннадий Геннадиевич және Кузиев Закиржан Пирмухамедовичпен қатар Больгерт Евгений Андреевич, Ниязова Нурия Исмагиловна, Сатвалдиев Алишер Гапиржанович бар.

Геннадий Шиповский1989 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданының Сексеуіл кентінде туған. Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын, Тұран университетінің магистратурасын бітірген.

Облыстық және қалалық бірнеше қоғамдық шараларға белсене қатысқан. «Қазақстан темір жолы» АҚ «Evolution» атты «Көңілді тапқыштар клубының» мүшесі.

2016 жылғы 24 наурыздан 2021 жылғы 15 қаңтарға дейін – алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі.

2021 жылғы 15 қантардан бастап жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі болды.

Закиржан Кузиев 1969 жылғы 30 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары; Алматы облысы мәслихатының депутаты; Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі; «AMANAT» партиясының мүшесі; Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығының Алматы облысындағы филиалының төрағасы; «Атамекен» Алматы облысы өңірлік кеңесінің мүшесі болған.

Бірқатар мемлекеттік наградасы бар.

Евгений Больгерт1984 жылы 21 маусымда Астана қаласында дүниеге келген. РФ Әділет министрлігінің Ресей Құқық академиясын, Дрезден техникалық университетін, Мәскеу бизнес мектебін бітірген.

«Kamkor Service» ЖШС Бас директоры, «Атамекен» ҚР ҰКП- Басқарушы директор-Базалық салалар департаментінің директоры, «Атамекен» ҚР ҰКП атқарушы хатшысы», Тау-кен және металлургия өнеркәсібі комитеті хатшылығының басшысы, «Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директорының орынбасары, департамент директоры болып қызмет еткен.

Сенат депутаты болып тағайындалғанға дейін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары болды.

Нурия Ниязова 1968 жылы 24 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген.

Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық университетінің Алматы филиалын, Новосібір мемлекеттік университетін бітірген.

«Шахар», «ХИТ ТВ» телерадиокомпанияларында, «Энерджи» радиосында жұмыс істеп, жеке медициналық клиникаларды басшылық қызмет атқарған.

2012 жылдан бері «Ильдаш» татар гуманитарлық даму орталығына жетекшілік жасайды. Алматы қалалық мәслихатының бірнеше шақырылымында депутат болған.

Алишер Сатвалдиев1984 жылдың 18 желтоқсанында Шымкент қаласында дүниеге келген.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген.

2016 жылдан бері «Жанубий Қозоғистон» облыстық газетінің бас редакторы қызметін атқарады.


Соңғы жаңалықтар