Жаңадан сайланған Сенат депутаттары алдағы жоспарын айтты

None
AСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Орталық сайлау комиссиясы жаңадан сайланған 31 Сенат депутатын ресми тіркеп, куәлік табыс етті. Осы орайда бірнеше халық қалаулысы депутат атанғаннан кейінгі алғаш әсерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық сайлау комиссиясы отырысынан кейін БАҚ өкілдері Сенат басшысы ретінде орнын босатқан Мәулен Әшімбаевтан қайта төраға болып тағайындалуға қатысты ойын сұрады.

«Бұл Президенттің өкілетіндегі мәселе. Заңға сәйкес Сенат спикерінің кандидатурасын Президент ұсынады, содан кейін депутаттар дауыс береді. Соңғы шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды», – деп қысқа қайырды бұрынғы Сенат төрағасы.

Бүгін сенатор атанып, куәлік алған депутаттардың бірі Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Жақып Асанов.

«Сенат депутаты болғанымды кеше ғана білдім. Үлкен сенім артылып отыр. Құқық қорғау және сот жүйелеріне қатысты заң жобаларын әзірлеуде Сенатпен бірлесіп жұмыс істеп келдік. Әсіресе Сенат депутаттарымен өткен жылдың тамыз айынан бастап тығыз жұмыс істедік. Бірқатар келісілген шешімдер қабылданды. Ендігі уақытта сот жүйесі және құқық қорғау жүйесіндегі тәжірибені, білім мен идеяларды қолданатын боламыз», - дейді жаңа депутат Ж. Асанов тілшілердің сауалына жауап бере тұрып.

Еске салсақ, 14 қаңтарда кезектен тыс Сенат депутаттары сайлауы өтті. Саяси науқан нәтижесінде әр өңірден бір депутат сайланды. Елордадан сайланған белгілі журналист Бүбігүл Жексенбай. Бүгін жаңа сенатор куәлік алып, төсбелгі тақты.

«Сенат депутаты болып Астана қаласынан сайланып отырмын. Қолдау танытқандарға алғыс айтамын. Оның ішінде әріптестерім, тілшілер қауымы да бар. Халық қалаулысы аманатын арқалау үлкен жауапкершілік. Бұл қадамға саналы түрде бардым. 30 жылға жуық сіздер сияқты микрофон ұстап жүрдім. Елдің әлеуметтік жағдайы маған таңсық емес, хабарым бар. Халықтың мұң-мұқтажын түрлі деңгейдегі билік өкілдеріне жеткізіп жүрдік. Қазір мас-мидиа туралы заң жобасы қоғам талқысынан өтіп жатыр. Көптеген ұсыныстар айтылып, өзгерістер енгізілгелі жатыр. Аталған заң Парламент қабырғасына келгенде өз үлесім қосып, көзқарасымды білдіремін», - деді Б. Жексенбай.

Оның айтуынша, Сенат қызметінде үлкен өзгерістер болып жатыр. Бұрын Сенат заң шығарып, қабылдап келсе, енді Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес өңірлермен жұмысты күшейтеді.

«Өздеріңіз білетіндей наурызда Мәжіліс және жергілікті мәслихаттары депутаттары сайлауы өтеді. Демек өңірлердегі мәслихаттардың пәрмені артады. Халық өміріне оң өзгерістер әкелетін заң жобаларын бірлесіп қарастыратын боламыз деп ойлаймын», - дейді жаңа депутат.

Кеше Мемлекет басшысының Жарлығымен Парламенттің жоғары палатасында Ассамблея атынан өкілдік ететін депутаттар анықталды. Соның бірі Геннадий Шиповских. Ол бұған дейін Мәжіліс депутаты болған.

«Депутат ретінде бекітілген регламентпен жұмыс істейтін боламыз. Өңірлердің мәселелеріне баса назар аударылады. Мен бұған дейін Парламент Мәжілісінің 6 және 7 шақырылымының депутаты болдым. Мәжілісте жиын-терген тәжірибемді Сенат қабырғасында жалғастыратын боламын. Тағайындалғаныма қуаныштымын, себебі Мәжілісте бастаған шаруаларды Сенатта жалғастыру мүмкіндігі бар», -дейді ол.

Сонымен қатар Г. Шиповских қызмет аясындағы ұсыныс, пікірлерді тыңдауға дайын екендігін жеткізді.

Айта кетейік, бүгін Орталық сайлау комиссиясы Мемлекет басшысының қаулысымен тағайындалған 10 сенаторды ресми тіркеді.

Одан бөлек, 14 қаңтарда өткен кезектен тыс Сенат сайлауында бағы жанған депутаттар да куәлік алып, төсбелгі тақты.


Соңғы жаңалықтар