Жаңадан салынатын студенттер жатақханасының бағасы қандай болмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінде келер жылдан бастап қолға алынатын жоғары оқу орындары жатақханаларын кімдер тұрғызатыны және қандай баға болатыны туралы мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысының үшінші әлеуметтік бастамасын іске асыру шеңберінде бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінде студенттер жатақханаларын жаңа орындармен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік тапсырысқа байланысты отырыс өтті.  

Жиын барысында 2019 жылдан бастап елімізде ЖОО-дағы жатақхана жетіспеушілігі шешілетіні сонымен қатар оның қалай салынатыны және студенттерге қандай бағамен берілетіні де сөз етілді.

«Біздің орталық жатақхананы салушыларға ақыны әр орын үшін төлейді. Жаңадан салынатын жатақхананың төлемақысы екі көрсеткішпен қарастырылған, бірі айына 122 АЕК, яғни бір жылда бір орын үшін 313 теңге төлейді, ал екінші көрсеткіш қайта жөндеуден өткен жатақханаларға арналған, ол бойынша 47 АЕК, жылына 120 мың теңгені құрайды», -деді Қаржы орталығы АҚ президенті Асқар Ибраимов.

Аталған жобаға еліміздегі кез келген жоғары оқу орны қатыса алады, бүгінгі отырыс барысында Білім және министрлігі мен еліміздің 7 ЖОО арасында 2019 жылдан бастап жатақханамен қамтамасыз ету жөніндегі келісімге қол қойылды. Жыл соңына дейін тағы 20 ЖОО-мен келісім жасалады деп күтілуде. 

«Студенттеріне қиынға түспеу үшін жатақхана бағасын мейлінше төмендететін ЖОО бар, керісінше нарықтық жағдаймен бағаны қоятын да ЖОО бар. Жатақхана нарығы ашық түрде болады және студентке жатақхананы таңдау еркі беріледі. Яғни, өзі тұратын жатақхана ұнамаған жағдайда басқа жатақхананы таңдай алады. Бұл өз кезегінде жаңа жатақханалардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп ойлаймыз», - деді ол.

Жатақхана құрылысын салуға жеке инвесторлар да қатыса алады, сонымен қатар жаңа жатақханалардан бөлек қолданыстағы жатақханалар да қайта жөндеуден өтіп пайдалануға беріледі.

 «Құрылысты салушыларға қойылатын басты талап -нысанның белгіленген мақсатпен ғана қолданылуы, яғни құрылысты салушы кем дегенде 20 жыл жатақхананы тек қана студенттердің пайдалануы үшін беруі тиіс. Дегенмен құрылысты салушының меншіктік құқығы сақталады. Жатақхананы салушылар мен ЖОО жатақхананамен қамтамасыз етіп қана қоймай, оған студенттерді дұрыс жайғастыруға да жауапты. Яғни, студенттің сол жатақханада тұрғысы келетіндей жағдай жасалуы тиіс», - деді А. Ибраимов. 

Еске сала кетсек, 2018 жылғы наурыз айындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа жариялаған үндеуінде «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» жөнінде айтылған болатын. 

Соңғы жаңалықтар