Жаңадан құрылған Тарбағатай ұлтық паркіне қай жерлер кіреді?

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Алма біткеннің түп атасы қазақ жерінен тарағанын әлем мойындап отыр. Өкінішке орай, қазір сол ұлы байлықтың жұрнағы Алатау мен Қаратауда және Тарбағатайда ғана сақталған. Жуықта осы Тарбағатай тауы мемлекеттік ұлттық парктің аумағына енгізілді.

Парк құру не үшін қажет болды?

Ғылымда Сиверс ағашы деген атпен мәлім бұл алма негізінен Іле және Жоңғар Алатауында таралған. Ал Тарбағатайда тек екі пайызы ғана өседі. Шығыс Қазақстанда Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылады деген хабарға алма жанашырларының қуанғаны сондықтан.

Тарбағатай - Шығыс Қазақстандағы Алтайдан кейінгі ең бір қасиетті де қастерлі мекен. Көлік аяғы жете алмайтын елсіздігінің арқасында мұндағы ару табиғат өзге өлкелердей көп бүліне қоймаған. Осыны байқаған өлке жанашылары сонау кеңестік дәуірде-ақ Тарбағатайдың тұмса табиғатын қорықтық режимде сақтап қалу керектігін айтып, дабыл қаққан екен. Ол кезде қазақтың қай дабылына құлақ асты дейсіз...

2009 жылы осы мәселе қайта көтеріліп, Үкіметтің өзі қозғау сала бастады. Өйткені, Батыс Алтай мен Марқакөл маңайы қорықтық аумаққа еніп, Төр Алтай ұлттық паркке айналғандықтан, аңкөс жұрттың бәрі иесіз жатқан Тарбағатайға ағылатын болды. Соның кесірінен дуадақ, сұңқар сынды бағалы құстардың, аю, арқар, елік, қабан сияқты тағылардың саны азаяйын деді. Болашақ қорықтың бір шеті Қытаймен шекараға тиіп жатқандықтан дәрілік шөптеріне де сұғанақ қолдардың қаупі төнгені хақ. Осындай салмақты себептердің әсерінен Тарбағатайды ұлттық паркке айналдыру бастамасы бірден қолдау тапқан. Алайда, парк аумағына кіретін жердің көлеміне қатысты мәселелер істің қарқынын тежеп келген болатын. Жаңадан құрылған парк аумағына арнайы резервте тұрған 143,5 мың гектар жер кірді. Мұнша аумақ бес бірдей ауданның жерін қамтыпты.

Тарбағатай, Қарабас, Арқалы сілемдері мен Үржар, Қатынсу, Еміл өзендерінің жазығын қамтитын бұл қорыққа әйгілі Дулат ақын жырлап өткен Ақжайлау да кіріпті. Сондай-ақ, Барқытбелдің Зайсан мен Тарбағатай ауданындағы бөліктері, Көкпекті ауданындағы Құлынжон кіші қорығы парктің бақылауына өтеді. Соның арқасында өлкедегі балықтың 19 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 23 түрі, құстардың 272 түрі, сүтқоректілердің 60 түрі, өсімдіктің 1640 түрі мемлекет қамқорлығына алынады. Оның ішінде бір бауырымен жорғалаушы, құстардың 33 түрі, сүтқоректілердің алты түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген.

Табиғи парк елдің өрісін тарылтпай ма ?

«Востокказнедра» мекемесі қорыққа ұсынылып отырған аумақта ешқандай пайдалы қазба қоры жоқ екенін мәлімдепті. Бірақ, парктің шекарасында алты шаруа қожалығы жұмыс істеуде. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің бас маманы Сая Қабдрахманова аталмыш шаруашылық нысандардың қызметіне шектеу қойылмайтынын айтады. Өйткені, олардың барлығы парктің шаруашылық жүргізуге болатын бөлігінде орналасқан. Ал барлық аумақтың 22 пайызын алатын қорықтық режимдегі бөлікте қандай да бір кәсіптік әрекетке қатаң шектеу қойылатын болады. Бұдан басқа 21,9 пайыз аумақ экологиялық тұрақтандыру аймағына, 38,6 пайыз аумақ ұйымдастыру-шаруашылық аймағына, 17,3 пайыз аумақ туристік-рекреациялық аймаққа жатқызылмақ.

Әдетте парк құрылады деген хабарды естігенде іргелес елді мекендер өрісіміз тарылып, күн көрісіміз төмендейді деп қобалжып жатады. Барқытбелде құрылатын парк керісінше өңірде экологиялық туризмнің дамуына түрткі болатын түрі бар. Орталық кеңсесі Үржар ауылында орналасқандықтан, мұнда парктің табиғи ландшафты бедерленген музей құрылмақ.

Қалмақтұма, Көлденең, Мохнатка, Әлемді шатқалдарында инвесторлардың көмегімен туристік базалар салу жоспарланған. Соның ішінде Қалмақтұма шатқалы жыл он екі ай қызмет көрсететін болады. Ал Қусақ шатқалында 30 басқа арналған биебау қойылады. Мұнда туристер қымыз бен саумал ішіп, атпен сейіл құрады. Аталған базаларға жер телімі мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында 49 жылға дейін жалға берілуі тиіс. Туристердің қамы үшін қорық аумағында телефон байланысын жетілдіріп, 46 көпір салып, 375 шақырым қара жолды күрделі жөндеу қажет. Аудан орталығында 50 орындық қонақүй салу да паркті дамыту бағдарламасына енген. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында жеті туристік маршрут түзілетін болады. Алакөл мен Сасықкөлге шипа іздеп келген туристерге аталған маршруттар демалыстың тағы бір түрі ретінде ұсынылуы мүмкін.

Бүгінге дейінгі есептер бойынша паркті ұстап тұру үшін 114 қызмет штаты керек екен. Бұл орындар Қазақстан аумағындағы барлық қорықтар мен практердің есебінен алынбақ. Яғни, әрбір табиғи қорықтан бір штат алынатын болады. Бұған қоса Тарбағатай және Зайсан кіші қорықтарына 14 штат бөлу жоспарланып отыр. Бұл қызметкерлерге Үржардың өзінде жеті қоспәтерлі үй, парк аумағында 34 қоспәтерлі, екі бір пәтерлі кордон салынбақ. Осының барлығына жалпы жиыны 8,3 млрд. теңгеден астам қаржы қажет болады. Жоғарыда айтқандай, оның бір бөлігін туризмге тартылатын инвестиция негізінде игеру көзделіп отыр.

Фото: mytabigat.kz

Соңғы жаңалықтар