Жаңадан құрылатын стратегиялық жоспарлау агенттігі немен айналысады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов жаңадан құрылатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікке қандай қызмет жүктелетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент жанындағы Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік міндеттерді қайта бөлу, яғни Ұлттық экономика министрлігінің жекелеген қвзметтерін аталған агенттікке беру есебінен құрылады. Бұл стратегиялық жоспарлау мәселелері бойынша қызметтер, мемлекеттік басқару бойынша жекелеген мәселелер мен мемлекеттік статистиканы дамыту мәселелері», - деді бірінші вице-премьер Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның нақтылауынша, аталған агенттік қызметін қаржыландыру жоғарыдағы қызметтерді орындауға арналған қолданыстағы шығыстарды қайта бөлу есебінен жүргізіледі.

«Бөлуші теңгерім жасалады және ол қазіргі уақытта Мәжіліс қарауында жатқан заңнама аясында осы жылғы бюджетті нақтылау және келесі үш жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында ескеріледі»,- деді Әлихан Смайылов.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құрылатынын жариялаған еді.


Соңғы жаңалықтар