Жаңаарқада 15 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлады

None
None
ЖАҢАРҚА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы 15 көп балалы отбасыларға меншікті тұрғын үй кілттері табыс етілді. Оларды аудан әкімі Юржан Бекқожин жаңа қоныстарымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасыларға берілді. Оларға республикалық бюджеттен екінші тұрғын үй сатып алуға қаржы бөлінді. Осылайша біз 15 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз еттік», - дейді Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Мұқанов.

Динара Кішмағанбетованың отбасы 2011 жылдан бастап тұрғын үй кезегінде тұрып, баспанасын күткен.

«Біз өз үйіміз туралы көптен бері армандадық. 7 бала тәрбиелеп отырмыз, күйеуім ғана жұмыс істейді. Осыған дейін үй жалдап тұрып келдік, қиын болды. Бірақ мұның бәрі артта қалды. Қазір біз өз үйімізге көштік. Ол бізге өте ұнайды – үлкен, үш бөлмелі, барлық жағдай жасалған, жөндеуден өткен. Біз өте қуаныштымыз, барлығыңызға үлкен рахмет», - дейді көпбалалы ана Динара Кішмағанбетова.

Жаңаарқа ауданы – облыста салынып жатқан тұрғын үй саны бойынша көш бастап тұр. Атасу ауылында тұтас шағын аудан салынуда. Мұнда жеті үй тұрғызылып жатыр, оның екеуі жыл соңында тапсырылады. Тағы бес үй 2020 жылы пайдалануға беріледі. Бүгінгі таңда Жаңаарқа ауданында 80-ге жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр.

Соңғы жаңалықтар