Жаңа жылды қазақстандық жұлдыздар қалай қарсы алады? (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2016 жаңа жылдың босағадан аттауына санаулы сағаттар қалды. Барлық Қазақстан халқы жаңа жылды атап өтуге дайындалуда.

Дүкен сөрелерінде қызу сауда жүріп жатыр. Әр үйде жаңа жылдық кешкі асқа дайындық басталып кетті. Ал қазақстандық жұлдыздар Жаңа жылды қалай тойламақ?

Бибігүл Төлегенова: Сыйлыққа келген кәмпитті келер жылдың соңына дейін жеп тауыса алмаспыз.

КСРО және ҚазССР халық әртiсi, күміс көмей әнші Бибігүл Төлегенова таңнан бері асығыс дайындық үстінде екендігін айтты.

«Үйімнің іші астаң-кестең болып жатыр. Қызым мында, немерем анда кетті шапқылап. Қайсысынан бастасам, не істесем деп мен ойланып отырмын. Шақырған жер көп. Қызым ауырып қалғандықтан отбасымызбен үйден шыға алмадық. Баруға мүмкіншілік жоқ. Жалпы, жаңа жыл отбасымен қарсы алатын мейрам ғой. Қазіргі дамыған заманда жақындарыммен телефон, интернет арқылы сөйлесіп, құттықтап жатырмыз. Ара қашықтық та аса білініп жатқан жоқ», - деді әнші.

Жаңа жыл қарсаңында түрлі тыңдармандары мен ел азаматтарынан Бибігүл апайға 15 құттықтау себеті жеткен. Әнші себеттегі кәмпиттерді жылдың соңына дейін жететін болды деп күлуде.

Аружан Жазылбекова: Жаңа жылды Президентпен бірге қарсы аламын.

Актриса Аружан Жазылбекова да Жаңа жылды өз үйінде жолдасымен бірге қарсы алатынын жеткізді.

«Дастархан жайып, телеарнаны қосып, Президентпен бірге қарсы аламын. Мен үшін 2015 жыл өте маңызды жетістіктерге толы болды. Мен ойнаған 4 фильм де жарық көрді. Келер жылы да Ақан Сатаевтың «Дорога к матери» фильмінің тұсаукесерін күтіп отырмыз», - деді ол.

Актриса мейрам қарсаңында алған ең бірегей сыйлық ретінде күйеуі берген сөмкені атады.«Менің жолдасым маған үнемі сөмке сыйлайды. Ол мен үшін ең бағалы сыйлық», - деді Аружан.

Алтынбек Қоразбаев: Немерелерімнің шат-шадыман күлкісін көру бір бақыт.

Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев немерелерінің шат-шадыман күлкісін көрудің өзі бір бақыт дейді.

«Биыл нарық қыспаққа алғанмен, жақсы жыл болды. Еліміз, балаларымыз немерелеріміздің бәрінің қабағы ашық, езулерінен күлкі айырылмай келеді. 1992 жылдары осы балаларымызға сыйлық сыйлай алмаған кездер болған. Базарда, дүкенде түк жоқ. Ал қазір шоколадтың да түр-түрі, бұйымдардың да түр-түрі бар. Оны көріп жатқан немерелеріміз де бақытты. Келешегіміз айқын болатыны сөзсіз. Елбасы аман болсын. Келешекте үлкен бай мемлекет болатынымызға кәміл сенемін. Бала-шағам ортасында боламын бүгін», - деді А.Қоразбаев.

Асхат Тарғынов: Жаңа жылда үйленуім керек.

Биылғы тойлардың басты репертуарына айналған «Чип-чип» авторы Асхат Тарғынов биыл жаңа жылын тұңғыш рет Алматыда жаңа үйінде қарсы алмақшы.

Жылда жамбасы жер иіскемеген сүр бойдақ биыл жаңа үйіне достарын шақырмақшы.

«Мен үшін аса сәтті жыл болды. Қуанышты жағдай көп болды. 2015 жылы көктемде баспаналы болдым. Биыл Алматыда бірінші рет қарсы алайын деп отырмын. Былтыр басқа қалада болғанмын. Биыл үйде болуға ниеттеніп отырмын», - деді ол.

Әнші келер Мешін жылына артар үміті көптігін жасырмады. Тіпті жылдың басында отбасын құру мәселесін қарастырмақшы.

Әзірге елден алған сыйлығының алды езуі қисық ойыншық маймыл боп тұр.

Бірақ әнші тыңдармандарының ыстық лебізінен асқан бағалы сыйлық жоқ дейді.

«Тыңдармандарымнан лебіздер, хаттар желтоқсанның 20-сынан бастап келіп жатыр. Мен оларға ризамын», - деді ол.

Айжан Нұрмағамбетова: Менің жылым туды

ҚР Еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова маймыл жылы болған соң үйіне көп банан, ананас сатып алғанын айтты.

Бүгін әнші де өмірінде бірінші рет жаңа жылды отбасымен қарсы алмақшы.

«Мен Кеңес одағының өкілі болғандықтан, жаңа жыл мен үшін ерекше мейрам. Дағдарыстың белгісі көрініс берген болуы керек. Биыл мен ең алғаш рет үйде қалып отырмын. Бұл да мен үшін өте жақсы болып отыр. Өзім де қонаққа барамын. Маған да келем деушілер көп. Жаңа жылдық дастарханға мешін жылы болғасын банан мен ананас көп сатып алдым. Мен өзім мешін жылында туылғанмын», - деді А.Нұрмағамбетова.

Ерлан Көкеев: Ескі жылды екі айлық ұлыммен шығарып саламын.

Жақында әке атанған әнші Ерлан Көкеев биыл мейрамды бүлдіршінінің қасында өткізбекші. Оның ұлына жақында екі ай толды.

«Баламның алғашқы Жаңа жылын менің мейрамханамда атап өтеміз. Достарымды шақырамын. Ән айтып, көңілді отырамыз», - деді ол.

Ерлан Көкеев биыл отбасы мен қызметкерлеріне ғана емес балалар үйінің тәрбиеленушілеріне де сыйлықтар жасағанын айтты.

Соңғы жаңалықтар