Жаңа жыл түнінде «Sulpak» дүкенін тонамақ болған ұры сотталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат-Алматыда 2017 жылдың 31 желтоқсанында Жаңа жыл түнінде «Sulpak» дүкенін тонамақ болған ұрыға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол дүкеннен тұрмыстық техникаларды ұрламақ болған. Аталған іс бойынша қылмыстық іс Әуезов аудандық сотында қаралып, ҚР КҚ 24-бабының 3-бөлігі, 188-бабының 1-бөлігі бойынша үкім шықты.

Тергеушілердің мәліметіне сүйенсек, сотталушы 2017 жылдың 31 желтоқсанында сағат 23-48-де ұсталған. Ол «Sulpak» дүкенінің шатырына шығып, темір арамен аралап, инсталляциялық құбыр мен кондиционердің электр кабелін ғана ұрлап үлгерген. Оның жымысқы ойының толықтай жүзеге асуына полиция кедергі келтірген. Оқиға үстінде қолға түскен ұры барлық кінәсін мойындаған.

«Сотталушы кінәсін толығымен мойындады. Сот ҚР КҚ 24-бабының 3-бөлігі, 188-бабының 1-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін оның бас бостандығын 1 жыл 6 айға шектеу туралы үкім шығарды. Алайда, ҚК-тің 62-бабында көрсетілгендей, тергеу амалы кезінде 1 ай қамауда болғаны ескеріліп, бас бостандығынан шектеу мерзімі 1 жыл 5 ай 7 күнге қысқартылды. Үкімде оны 180 сағат мәжбүрлі түрде жұмысқа тарту шарасы көрсетілген. Ол атқарушы орган белгілеген жерде еңбек ететін болады», - делінген сот хабарламасында.

Соңғы жаңалықтар