Жаңа жыл мерекесінде темір жолда 128 мәрте ереже бұзылған
2022 жылғы 5 қаңтар 05:00

Жаңа жыл мерекесінде темір жолда 128 мәрте ереже бұзылған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мереке күндері теміржолда жүргізілген рейд барысында 120-дан астам ереже бұзу фактісі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

« Қазақстан темір жолы « ҰК» АҚ баспасөз қызметі таратқан мәліметке сенсек, мерекелік демалыс күндері теміржолшылар көлік полициясы және әскерилендірілген теміржол күзетімен бірлесіп, қауіпсіздік рейдін өткізді.

Үш күн ішінде 128 ереже бұзу фактісі анықталып, 53 адам белгіленбеген жерде жолдан өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Рейд барысында 700 азаматқа теміржол жол тәртібі түсіндіріліп, жадынама таратылды.

Тыйым салынған аумақта жолды кесіп өту – жарақат жағдайларына әкеп соқтыратын басты себептердің бірі.

Сондықтан теміржолшылар әкімшілік жауапкершілікті қатайтып, айыппұлды көбйту керек деген ұстанымда. Қазіргі уақытта айыппұл - 3 АЕК мөлшерінде.

Теміржолда қауіп-қатердің алдын алу маңызды. Мереке күндері және мектеп оқушыларының қысқы демалысы кезінде бақылау күшейтіледі. Сонымен қатар, оқу маусымында барлық білім мекемелерінде қауіпсіздік сабақтары жүреді.

ҚТЖ темір жолда абай болуды және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды тағы бір мәрте ескертеді. Темір жол өте қауіпті аумақ екенін ешқашан естен шығаруға болмайды.


Jańalyqtar

MURAǴAT