Жаңа жыл қарсаңында «Бақытты отбасы» бағдарламасының 120 қатысушысы пәтер кілттерін алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасына қатысушылар Шымкент қаласының орталығындағы жаңа баспаналарына қоныстанды.

Олар бірнеше жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған. Қолжетімді шаршы метрлерге тұрғындар Отбасы банкінің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) несиелендіруі арқылы ие болып отыр.

Бағдарлама аясында қаржы құрылымы жылдық 2 пайыздық мөлшерлемемен заем берді. Ал алғашқы жарна баспана құнының небәрі 10 пайызына ғана тең.

Шымкент тұрғындары таза әрлеудегі пәтерлерді 1 шаршы метріне 180 000 теңгеден сатып алды.

Жаңа жыл қарсаңында Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов пен Отбасы банк филиалының директоры Дәурен Саудабаев «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушыларды қоныс тойларымен құттықтады.

– Бүгінде көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар пәтер кілттерін алып отыр. Елімізде осы санаттағы азаматтарға ерекше көңіл бөлінеді. Әсіресе, олардың қолдауы үшін «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Оны жүзеге асыруға биыл ел бюджетінен 51 миллиард теңге бөлінді. Бұл Қазақстан бойынша 5 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлайды деген сөз. Олардың арасында шымкенттіктер де бар. Үйлері әрқашан жылы, жайлы болып, балалардың шат-шадыман күлкісіне толсын, – дейді «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев.

Екі бөлмелі пәтерде қоныс тойын Гүлмира Махаева да тойламақ. Ол екі баланың анасы, бүлдіршіндерінің біреуіне ерекше күтім қажет.

– Үйіміздің орналасқан жеріне ризамын, қала орталығында. Бұл жерден мектепке де, ауруханаға да, жұмысқа да оңай жетемін. Пәтер бірінші қабатта орналасқан, бұл біздің отбасымызға да ыңғайлы, себебі бір ұлымның мүгедектігі бар. Несие бойынша 83 мың теңге төлеймін. Бұл Шымкентте пәтер жалдаудан екі есе арзан, - деп қуанышымен бөлісті Гүлмира Махаева.

Жалпы биылғы жылы Отбасы банк мемлекеттік бағдарламалар аясында кезекте тұрған 10 518 адамның тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектесті. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 1247 қазақстандықтың баспана мәселесі шешілді, «Шаңырақ» бағдарламасы аясында 5989 адам қоныс тойын тойлады, сондай-ақ «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 3282 отбасы өз үйлеріне көшті.


Соңғы жаңалықтар