Жаңа заңның енуіне байланысты бас бостандығынан айыру мекемелерінен босап шыққандар саны артып отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылдан бастап жаңа қылмыстық заңнаманың күшіне енуі байланысты, Қазақстанда бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандар саны артып отыр.

Бүгін Мәжілісте «Нұр Отан» фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің отырысында ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару комитеті төрағасының орынбасары Азамат Базылбеков осылай мәлім етті. Еске салайық, Кеңес отырысында қылмыс жасап, сотталып шыққандарды әлеуметтік бейімдеу мәселелері талқыланған болатын.

Комитет төрағасы орынбасарының келтірген мәліметіне қарағанда, Қазақстанда жыл сайын түзеу мекемелерінен шамамен 9- дан 11 мыңға дейінгі аралықта адамдар босап шығады. «Әйтсе де, ағымдағы жылдың басынан қолданысқа жаңа қылмыстық атқару заңнамасының енуіне байланысты түзеу мекемелерінен босап шығушылар саны артып отыр. Мәселен, қазірдің өзіндегі мәліметтер бойынша, жыл басынан бері бас бостандығын айыру орындарынан босап шыққан тұлғалар саны 6 мың 148 адамға жетті. Соның ішінде 3 855 тұлға мерзімінен шартты түрде ерте босап шыққандар немесе қалған мерзімін өтеуде жазаның жеңіл түріне ауыстырылғандар болып табылады. Салыстырмалы түрде қарастырсақ, егер өткен жылы қылмыстық жазаның осы түрімен босатылғандар бойынша бұл көрсеткіш небәрі 1900 адам болатын», - деді комитет өкілі Азамат Базылбеков.

Айта кетерлігі, жиын барысында белгілі болғанындай, Қазақстанда бас бостандығынан айыру мекемесінен босап шыққандардың басым бөлігі жұмыссыз, әлеуметтік бейімдеумен қамтылмай отыр. Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда түрмелерден босап шыққандарды бейімдеуге арналған екі орталық қана жұмыс істейді, оның бірі - Павлодарда, екіншісі - Шымкентте.

Соңғы жаңалықтар