Жаңа заң жобасы жаппай ереуіл кезінде әскерді пайдалануға мүмкіндік береді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасында бірқатар заңның сәйкессіздіктері анықталған еді. Енді оларға түзету енгізілді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Гүлнар Бижанова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліс отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымға шығарылды.

«Қаңтар оқиғасында бірқатар заңдағы сәйкессіздіктер анықталды, соның салдарынан күш органдарының, жедел штабтардың іс-қимылы тиісті деңгейде үйлестірілген жоқ, іс жүзінде төтенше жағдайды жою үшін күш-құралдар бірлігі болмады. Сондықтан, салалық заңдарда енді әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі мемлекеттік орган басшыларының дербес жауапкершілігі енгізіледі», - деді Г. Бижанова Мәжілістің жалпы отырысында.

Өз кезегінде, Президентке әлеуметтік сипаттағы ТЖ және ТЖ режимдерін қамтамасыз ету бойынша қосымша өкілеттіктер беріледі.

«Енді төтенше жағдай енгізілгенде Мемлекет басшысы мұндай режимді қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияны құрады және оның төрағасын тағайындайды. Ол кез келген мемлекеттік органның немесе құқық қорғау блогының өкілі бола алады. «Дағдарыс жағдайы» және «Әлеуметтік-экономикалық саладағы дағдарыстық жағдай» ұғымдары да бөлінді, республикалық және өңірлік жедел штабтар мен мемлекеттік орган мәселелері нақты айқындалды. Енді жедел штаб шешімін бүкіл азаматтар орындауға міндетті болады», - деп түсіндірді Г. Бижанова.

Сонымен бірге, әлеуметтік сипаттағы ТЖ кезінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың байланыс құралдары мен желілері ажыратылмайды.

Бұған ішкі істер органдары, төтенше жағдайлар қызметтері – жедел жәрдем, ТЖМ құтқарушылары мен өрт сөндірушілер, оқ-дәрі тасымалдау ұйымдары және басқалар кіреді.

Қаңтар айында бұл қызметтерде байланыспен қиындық туындаған еді.

«Төтенше жағдай қашан және қандай жағдайда енгізілетіні және әлеуметтік сипаттағы ТЖ қашан болатыны нақты анықталды. Бұл қазіргі заңдарда жоқ. Әрқайсысы үшін өзіндік ерекше жағдайлар бар. Мысалы, жаппай ереуілдер – әлеуметтік сипаттағы ТЖ, ал қаруланған жаппай тәртіпсіздік – ТЖ. Екі мысалдың да өзіндік ерекшеліктері мен құқықтық режимдері бар. Қазір заң бойынша әлеуметтік сипаттағы ТЖ кезінде әскерді пайдалануға болмайды. Енді жедел штабтың ұсынысымен Президенттің Жарлығы негізінде бұл мүмкін болады», - деді Г. Бижанова.

Жергілікті жердің коменданты Президенттен заңмен белгіленген жағдайларда Қарулы Күштерді қолдануды сұрай алады.

Облыстардың (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) әкімдері де жедел штаб басшылары ретінде әлеуметтік сипаттағы ТЖ енгізе алады.

Мемлекеттік күзет қызметінің өкілеттіктері күшейтілді. Енді оларға жедел штабқа, мемлекеттік комиссияға немесе комендантқа қарамай, күзет және жедел іс-шаралар жүргізу, басқа мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарын тарту құқығы беріледі.

Бұған дейін депутат қызметте қаза тапқан және мүгедек болғандардың балалары Қазақстандағы кез келген ЖОО-да тегін оқитынын айтқан еді.

Сондай-ақ, Қаңтар оқиғасынан кейін билік өкіліне бағынбау, күш қолдану үшін жаза күшейтілді.


Соңғы жаңалықтар