Жаңа утилизациялық алым ақпан айының соңына дейін бекітіледі - министрлік
2022 жылғы 19 қаңтар 19:34

Жаңа утилизациялық алым ақпан айының соңына дейін бекітіледі - министрлік

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Утилизациялық алымның коэффициенттерін қайта қарау ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату алымын жүргізу және кәдеге жарату алымына иелік етуді тоқтату жөнінде іс-шаралар қабылдауға тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау аясында 2022 жылғы 18 қаңтарда ҚР Үкіметі «Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдардың кейбір мәселелері туралы» қаулы қабылдады. Осыған байланысты өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып мемлекеттік ұйым ретінде «Жасыл даму» акционерлік қоғамы айқындалды. «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату алымын әкімшілендіру және тиісті қаражаттарға билік ету бөлігіндегі қызметі тоқтатылды», - деп атап өтеді министрліктен.

Ведомство мәліметінше, бүгінгі күні тиісті уәкілетті органдар активтерді мемлекеттік меншікке беру, уәкілетті органдардың қорытындыларын ұсыну, «Жасыл даму» АҚ балансына беру, акционерлік қоғамды әділет органдарында қайта тіркеу және басқа да іс-шараларды қабылдап жатыр.

Айта кетерлігі, «Жасыл даму» акционерлік қоғамы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағындағы ұйым саналады.

«Утилизациялық алымның коэффициенттерін төмендету мәселесі бойынша ҚР Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кәдеге жарату алымының коэффициенттерін қайта қарау бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Бұл мөлшерлемелер осы жылдың ақпан айының соңына дейін қаралып, бекітіледі. Жоғарыда көрсетілген жұмыс тобының қызмет нәтижелері туралы ақпарат министрліктің интернет-ресурсында орналастырылады. Көрсетілген уақытқа дейін кәдеге жарату алымы «Жасыл даму» АҚ операторына қолданыстағы мөлшерлемелер бойынша төленуде», - делінген министрлік ақпаратында.
Еске салсақ, утилизациялық алым мәселесін реттеу үшін Экология, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері Үкіметке бірлескен ұсыныс әзірлеп, енгізетін болды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев утильдік алым ставкаларын қайта қарауды тапсырды.

«Кәсіпкерлер мен жалпы қоғамда «Оператор РОП» компаниясының қызметі көптеген сұрақ туындатып отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та ұйымдастырылды. Мен Үкіметке «Оператор РОП» утильдік алым жинауын әкімшілендіруді тыйым салуын тапсырамын. Мұнымен шет мемлекеттердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың ставкасы қайта қаралуы тиіс», - деді Президент.





Jańalyqtar

MURAǴAT