Жаңа технологиялар арқылы өндірілген азық-түлікке сұраныс жоғары - Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жаңа технологиялар арқылы өндірілген азық-түлікке елімізде де, шетелде де сұраныс жоғары. Бұл туралы «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасының міндетін атқарушы Еркебұлан Баяхметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысының ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтылған Индустрияландыруды жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналдыру туралы міндет Ақмола облысында да сәтті жүзеге асырылуда.

«Инновация саласындағы жобаларды кешенді түрде жүйелеу және одан әрі жүзеге асыру мақсатында білім, ғылым беру мекемелері, кәсіпкерлік субъектілері, даму институттары, қоғамдық ұйымдары желілік әрекет етудің ресурсы ретінде Ақмола өңірлік ғылыми-зерттеу технологиялық паркі құрылды. Технопарктің басты мақсаты - инновацияны жетілдіру және ілгері жылжытуда қолайлы жағдай жасау, оны әлеуметтік сала және кәсіпкерлік нысандарында енгізу. Осы орайда, Ақмола облысында жастардың «Startup Bolashak - Менiң арманым» бизнес-жобалары ұлттық байқауы өткізу қолға алынған. Бұдан бөлек «Ақылды технология» жобасы ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға зор мүмкіндік туғызып отыр. Бұл сала Қазақстанның инновациялық дамуының басты бағыты болып табылады. Біздің мақсат ішкі сұранысты қанағаттандыру ғана емес, жоғары сапалы өнімді экспортқа шығару. Осы орайда, «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ оңтүстік кореяның «Noroo Kiban» компаниясымен бірлесіп, Көкшетау қаласында аумағы 10 гектар жерде жылыжай кешенінің құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Жобаны жүзеге асыру ішкі нарықтағы жергілікті көкөніске деген сұранысты азайтуға мүмкіндік береді», - дейді Еркебұлан Баяхметов.

Сонымен қатар, ол «Қазақстанда жасалған» брендін жылжыту басты бағыт болып отырғанын атап өтті.

«2017 жылдың қараша айында Астана қаласында «Aqmol» сауда желісі құрылып, осы күні 3 дүкен жұмыс істеп тұр. Ақмола облысының тауар өндірушілері ет, сүт, өнімдері мен көкөніс және өзге ауыл шаруашылығы тауарларын саудаға шығаруда. Алдағы уақытта мұндай дүкендер санын 10 жеткізуді көздеп отыр. Жалпы, Ақмола облысында өндірілетін азық-түлікке елімізде де, шетелде де сұраныс жоғары», - дейді Еркебұлан Баяхметов.

Фото: www.spk-esil.kz

Соңғы жаңалықтар