Жаңа Таяу Шығыс: Иран мен Сауд Арабиясының жақындасуы неліктен тосын жайт болды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бірнеше ондаған жыл бойы өңірдегі басты бақталас болған аймақтағы қос көшбасшысы – Сауд Арабиясы мен Иран биыл ымыраға келгенін жариялап, кезінде үзіліп қалған дипломатиялық қарым-қатынасты қайта жандандыруға уағдаласты. Екі елге Қытай арағайын болды. Ал мұндай келісім мүмкіндігі жайлы фактінің өзі тек сарапшы-саясаттанушылардың ғана емес, сонымен бірге АҚШ сынды жекелеген елдердің де таңданысын тудырды. ҚазАқпарат тілшісі соңғы бірнеше жылдың ішінде өңірде орын алған ең маңызды оқиғаның түпкілікті мәні неде екендігін анықтауға тырысып көрді.

Таяушығыстық «қырғи-қабақ соғыс» немесе бәрі неден басталды?

Сауд Арабиясы мен Иран – өңірдегі бақталас екі держава. Соңғы жылдары оларды келіссөз үстелінің басына отырғызу өте қиын болатын. Олар – исламның түрлі ағымын ұстанатын елдер. Біріншісі исламның сүннит бағытын ұстанады әрі сүннит әлемі көшбасшыларының бірі саналады. Ал екіншісі исламның басқа тармағы – шиизмнің таралу орталығы есептелінді.

Фото: AP

1979 жылы Иранда шах төңкерісі орын алып, билік басына құрметті шиит көсемі – аятолла келіп, ел Ислам Республикасы мәртебесін алды. Осыдан кейін Тегеран араб елдерінде белсенді сыртқы саяси қызметін дамытып, өңірдегі басты ойыншылардың біріне айналды. Дәл осы жайт араб мемлекеттерінің сақтықпен қарауына түрткі болғаны анық.

Тегеран мен Эр-Рияд арасындағы ең күрделі қарама-қайшылық 2016 жылы орын алған еді. Сол кезде Сауд Арабиясы шиит уағызшысы Нимр ан-Нимрды жұртшылықты жаппай тәртіпсіздікке арандатқаны үшін өлім жазасына кескен болатын. Діни қайраткердің өлім жазасына ұшырауы Иранда наразылықтың ушығуына алып келді. Наразылыққа шыққан адамдар Тегерандағы Сауд Елшілігіне шабуыл жасады. Сондықтан Эр-Рияд Ирандағы дипломатиялық өкілдігінің жұмысын тоқтатты. Бұған қоса, екі ел арасындағы әуе қатынасы доғарылып, коммерциялық байланыс үзілді.

Фото: AP

Өңірдегі бақталастардың арасындағы теке-тірес аймақтағы шиеленістерге де әсерін тигізіп, екі мемлекет бір-бірімен қақтығысып жатқан тараптарға қолдау көрсетті. Мәселен, Сирияда азаматтық соғыс басталған кезде Сауд Арабиясы көтерілісшілерге дем берсе, Иран ел Президенті Башар Асад бастаған заңды билікке қолдау көрсетті. Ал Йеменде Иран йемендік көтерілісші-хуситтер – «Ансар Аллах» қозғалысын қолдаса, олардың Үкімет бастаған саяси қарсыластары Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағындағы өзге араб монархияларының қолдауына ие болды.

Фото: AFP

Осылайша, екі мемлекет те өңірдегі қақтығыстарда өз мүдделерін ілгерілетуге тырысты. Сауд Арабиясы да, Иран да Ливан мен Ирак сынды елдердегі саяси ықпал үшін болған жанжалдарға да араласты. Сол себепті кейбір журналистр мен саясаттанушылар иран-сауд теке-тіресін таяушығыстық «қырғи-қабақ соғыс» деп атап үлгерген-ді.

Бейжіңде Иран мен Сауд Арабиясы қандай уағдаластыққа келді?

Наурызда Иран мен Сауд Арабиясының делегациясы Бейжіңде кездесіп, Қытай билігінің арағайындығымен келіссөз өткізді. Осыдан кейін таяушығыстық бақталастар ымыраға келгені жайлы мәлімдеме жасады.

Фото: Saudi Press Agency

Мұндай жаңалық көпшілікті таң қалдырғаны сөзсіз. Өйткені, бір жыл бұрын БАҚ бетінде Эр-Рияд пен Тегеранның бастапқыда Ирактың, одан кейін Оманның ағайындығымен жабық келіссөз өтізгені жайлы жекелеген мақалалар жарық көрген еді. Алайда, ол кезде дипломатиялық жылымық болмағаны есте.

Эр-Рияд пен Тегеранның 10 наурыздағы мәлімдемесінде өздерінің татукөршілік қарым-қатынасына қолдау көрсеткен және келіссөздердің қорытынды раундына алаң ұсынған Бейжіңге ризашылық білдірілген. Екі Үкіметтің де өкілдері бейбіт процестің бастауы болған бастама жасағаны үшін Қытай көшбасшысы Си Цзиньпинге жеке ризашылықтарын білдіреді.

Фото: China Daily / Reuters

Келіссөздердің қорытындысында екі айдың ішінде Елшілік пен миссия жұмысын қайта жандандыру туралы келісім жасалды. Келісімнің ең маңызды шарттарының бірі екі елдің де мемлекеттік егемендігін құрметтеу принципін ұстануы және ішкі ісіне араласпауы туралы тармақ болды. Мұнан бөлек, екі мемлекет те 2001 жылғы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы және экономикалық ынтымақтастық туралы шарттарды қайта жандандырды.

Әлем бұл мәмілені қалай қабылдады?

Өңір бұл келісімді оң қабылдады. Айталық, мәселен екі елдің арасындағы бұған дейінгі келіссөздерге арағайын болған Оман мен Ирак уағдаластықты оң қабылдады. Жалпы, екі ел арасындағы жылымыққа көптеген араб мемлекеті, сонымен қатар Иран қолдау көрсеткен йемендік көтерілісші-хуситтердің қолбасшысы, ливандық «Хезболла» шиит қозғалысының көшбасшысы қолдау көрсетті.

Ақ үй өкілі Джон Кирби Сауд Арабиясы келісссөздер жайында АҚШ-ты құлағдар еткенін, бірақ, Вашингтон процеске тікелей араласпағандығын атап өтті. Байден әкімшілігі Парсы шығанағындағы деэскалацияны қолдайтынын білдірді. Оның атап өтуінше, дәл осы жайт Йемендегі соғыстың аяқталуына септігін тигізуі мүмкін.

Экономикалық тиімділік және ядролық қаруды тараптау

Stimson талдау орталығының дерегінше, мәміле қазірдің өзінде тиімділік әкеліп отыр. Бұған иран валютасының нығаюы дәлел бола алады. Сонымен қатар Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы қарым-қатынастың тұрақтануы өңірдегі ядролық қаруды таратпау ісіне де тың серпін беруі мүмкін.

«Эр-Рияд пен Тегеран арасындағы мәміле өңірлік жанжалдарға, бірінші кезекте Йеменге ықпал ететініне үміт бар. Айталық, келісім жасалғаннан кейін Сауд Арабиясы да, Иран да қалай дегенде де жария түрде Йемендегі соғыс отын тоқтатпағанымен кеңейтілген бітімді жария түрде қолдап отыр. Ал бұл мұнан ары йеменішілік бейбіт келіссөздер мен «инклюзивті ұлттық үкімет» құрылуына себеп болар еді», - деп жазады Middle East Institute агенттігі.

Фото: Амр Абдалла Далш/Reuters

Сонымен қатар мәміле Сирияның араб елдерімен, ең алдымен Сауд Арабиясымен қатынасының дұрысталуына ықпал етті деген пікір кеңінен таралған. 7 мамырда Араб мемлекеттері лигасы Сыртқы істер министрлерінің кеңесі 12 жылдан кейін Сирияны қайтару туралы шешім қабылдады. Дамаскінің лигаға мүшелігі 2011 жылы Сирия Президенті Башар Асад Үкіметінің наразылықты қатаң түрде басып-жаншуына байланысты тоқталған. Дәл осы жайт Араб республикасындағы азаматтық соғыстың басталуына түрткі болған-ды.

Сарапшылар не дейді?

«ҚазАқпараттың» Аммандағы меншікті тілшісі иорданиялық саясаттанушы, қауіпсіздік жөніндегі кеңесші әрі сарапшы Мохаммед әл-Малькауиден иран-сауд мәмілесінің салдары жайлы пікір алған еді.

«Сауд Арабиясы мен Иран Қытайдың қамқорлығымен жасаған келісімдері арқылы Таяу Шығыс елдері мен Құрама Штаттар бастаған әлемнің көптеген ірі елдерін таң қалдырды. Сауд-иран келісімі Таяу Шығыс пен Парсы шығанағындағы шиеленісті төмендетуге сеп болатынын айта аламын. Сонымен қатар Иранға араб мемлекеттері Ислам респубилкасымен әскери және саяси тайталасты қаламайтындығы жайлы белгі береді. Мұнан бөлек, сауд-иран келісімі Йемендегі сауд армиясына хуситтік топтардың қарсылығын төмендетуге сеп болады. Ал бұл йемендік шиеленісті бейбіт жолмен шешуге жол ашады», - деді сарапшы.

Осы орайда Мохаммед әл-Малькауи АҚШ әкімшілігі сауд-иран келісіміне қарсылық танытпайтынын айтады. Өйткені, бұл келісімнің әскери-техникалықтан гөрі саяси-дипломатиялық сипаты басым.

«Екінші жағынан, Вашигтон Бейжіңнің Таяу Шығыс өңіріне араласуына қарсы емес. Өйткені, жанжал деңгейінің төмендеуі бұл өңірдегі АҚШ-тың да, Қытайдың да мүддесіне сай келеді. Мұнан бөлек, сауд-иран келісімінің биыл қажылық маусымында ирандықтардың Сауд Арабиясындағы мұсылмандар үшін қасиетті жерге сапарлауына да оң әсерін тигізетіндігі күтіледі», - деді иорданиялық саясаттанушы.

Дегенмен, бұл мәмілеге күдікпен қарайтындар да бар.

«Өңірлік екі супердержава мәлімеге келе бастауы ойын ережесін өзгертіп жібереді. Мұның теріс жағы да бар. Егер олар өңірді өзара бөлісе бастаса және барлығын өзара шешсе, онда мәселе ұмыт болады. Бірақ, мұның өзі проблемаға айналуы мүмкін», - деді «Crisis Group» ұйымының Таяу Шығыс бойынша сарапшысы Дина Эсфандиари.

Ал иорданиялық саясаттанушы Амир ас-Сабайлдың пайымынша, қарым-қатынастың тұрақталуындағы қызықты бөлік мәліменің өзі емес, Қытайдың өзі үшін жаңа саяси аренада екі тараптың арасындағы арағайын ретінде пайда болуы. Өйткені, Бейжің бұған дейін өңірдің экономикалық ынтымақтастығына қатысуын шектеп келген болатын.

Кейбір сарапшылар мен саясаттанушылар Сауд Арабиясы келісім жасасу арқылы өзінің инвестициясын қорғау және экономикасын мұнайға тәуелділіктен шығаруға бағытталған «Vision 2030» бағдарламасын кеңейту үшін өңірдегі тұрақтылықты қалпына келтіруге ұмтылады деп санайды.


Соңғы жаңалықтар