Жаңа тарифтерге тұрғындардың сенімін қалай көтеруге болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Парламенттің жаңа сессиясы барысындағы басты міндеттер туралы аталған кезде, бірқатар маңызды заң жобаларын қарастыру ескерілгендігі мәлім болды. Соның ішінде салмақтыларының бірі - ол «Табиғи монополиялар туралы» жаңа заң жобасы. Осы орайда ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Рүстем Ахметов аталған заң жобасы бойынша «ҚазАқпарат» ХАА-ға түсінік берді.

- Рүстем Нұрланұлы, Табиғи монополиялар туралы жаңа заң не үшін қажет?

- Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, реттеушінің негізгі міндеті -тұтынушылар мен табиғи монополиялар арасындағы мүдделер теңгерімін қамтамасыз ету. Бірақ тәжірибе көрсетіп отырғандай, соңғы екі онжылдықтың ішінде әлеуметтік тәуекелді болдырмау мақсатында және экономиканың басқа салаларының мүддесі үшін мемлекет тарифтер өсімін тежейді.

Осылайша, 1998 жылы қаржылық дағдарыс жағдайында қабылданған «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Заң және қалыптастырылған нормативтік әдіснамалық база монополистердің сұраныстарын неғұрлым тежеуге бағытталды. Көбіне ол өндіріске, көрсетілетін қызметтердің сапасына және табиғи монополия саласы қызметкерлерінің мүдделеріне зиянын келтіретін.

Дегенмен, маңыздысы басқа проблемада болды, ол екі онжылдықта нарықта істерді жүргізу тәжірибесіне қатысты. Тарифті бекітудің посткеңестік кеңістіктен басқа дүниежүзінде қолданылмайтын шығынды әдісі үнемдеу мен өнімділікті арттырудың кез келген қадамына нұқсан келтіреді.

Әрине, егер бір жылдан кейін реттеуші сол шығыстарды бекітуге мәжбүр екеніне, ал кез келген үнемдеу қандай да бір жағдаймен тұтынушыларға қайтарылатынына сенімді болсаңыз, шығыстарды төмендетудің, тиімді технологиялар мен басқару жүйесін енгізудің қажеті қандай?

Бизнестің осы түріне көзқарасты өзгерту одан да қиын. Шын мәнінде,

табиғи монополиялар саласы мемлекетпен шектелетінін, дегенмен пайда табуға болатын қызмет екенін ұмытпауымыз қажет. Егер бүгінгі күні реттеуші  тарифті бекіту кезінде кәсіпорынның таза пайдасын алып тастаса, ол кәсіпкерліктің кез келген түріне жат болмақ. Нәтижесінде, көлеңкелі қаржылық ағындар, шығындарды және үлестес сатып алуларды арттыру есебінен капиталды шығару, «қағаз жүзінде» жасалған жөндеу жұмыстары, шығыс баптары бойынша созылмалы келіссөздер және одан туындайтын сыбайлас жемқорлық тәуекелдері қалыптасады.

Соның салдарынан, әсіресе, шетел инвесторы үшін тартымсыз сала, басқа адамдар үшін жабық ерекше бизнес, басқарудың бастамасыз тәжірибесі, сапасы төмен қызметтер және халық қабылдамайтын тарифтер өсімі секілді жағдай орын алады.

- Заң жобасы нені ұсынады?

- Біріншіден, тарифтік реттеуде үздік шетелдік тәжірибені енгізу мүмкіндігін қарастырады. Тарифтік реттеудің ынталандыру әдістері - ең алдымен, шығындарға деген байлаулы түсініктен бас тарту. Әрине, шығындар бұрынғысынша бекітіледі, алайда тарифтік смета жоқ және бір теңгеге дейін барлығын жұмсау керек деген талап та жоқ.

Мұның барлығы кәсіпорынға өзінің тиімділігін арттыру, инновацияны енгізу және шығыстарды төмендету арқылы үнемделген қаржыны оның қолданысынан шығаратындығына қорықпауға мүмкіндік береді. Онда шығынды төмендетудің, жаңа технологиялық құрылғылар сатып алудың, артық қызметкерлерді қысқартудың мән-мағынасы пайда болады.

Сонымен қатар, табыс туралы мәселеге қатысты түсінік өзгерді. Егер әлеуетті инвестор салынған қаржының орнын толтыру мен инвестициядан кіріс түсетіндігі туралы перспективаны көрмесе, онда оның орнына «көлеңкелі» іс-қимылдарды мақсат тұтатындар пайда болады. Олар табысты айлалы жолдармен тауып, өзінен кейін өндірістің болашағын жояды.

Бірақ та таза әрі адал табысты алу - монополист ұсынатын қызметтің сапасына тікелей байланысты.

-  Жаңа заңнама тұтынушыға не береді?

- Біріншіден, инвестициялар салаға тартылатынына, тұтынушылар ақшасы өндірісті жаңғыртуға бағытталатынына, сондай-ақ қыс мезгілінде жылу беру тоқтатылмайтындығына сенімділік болады.

Екіншіден, тарифтің қалыптасу процесін түсіну оңтайлы болады. Алғаш рет тарифтердің барлық есебі, өтінімдер және монополистің қосымша құжаттары, сол бойынша қабылданған шешімдер интернетте ашық түрде жарияланатын болады. Тарифті бекіту тәртібін реттейтін 70 нормативтік актінің орнына  тұтынушылар үшін ыңғайлы екі базалық құжаттар қалыптасады.

Үшіншіден, дауысқа салу құқығы ескеріледі. Монополистер қызметінің тұтынушылар қоғамдық бірлестігін құру -  реттеудің барлық кезеңдерінде тұтынушылардың мүдделерін сапалы түрде қорғауды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда нормативтік құқықтық базаны қалыптастырудан бастап, өтінімдерді қарауға дейін және қабылданған міндеттерді орындау туралы монополистер есебі қамтылады.

Белгіленген қаржыландыру көздері бірлестіктерге білікті сарапшылар мен заңгерлерді тартуға, сондай-ақ тарифті бекіту процесінде тұтынушылардың тікелей қатысуына жол ашады. Бұл өз кезегінде жаңа тарифтерге сенімді арттыратыны сөзсіз.

 - Әрдайым тарифті көтеру негіздемесінде құрылғыларды және жүйелерді жаңарту қажеттігі көтеріледі. Нақты осы мақсаттарға тұтынушылар қаржысын бағыттауды қалай қадағалайсыздар?

 - Әр тарифті бекіту кезінде біз инвестициялық бағдарламаларды қабылдауды талап етеміз. Шын мәнінде, бұл амортизациялық аударым және мемлекетпен шектелетін субъектінің пайдасы.

Жыл сайын табиғи монополиялар субъектілері инвестициялық бағдарламаның орындалғандығы туралы есеп тапсырады және әр іс-шараның іске асырылғандығын растайтын құжатты көрсетеді.

Бұл ретте құрылғыларды сатып алу туралы шарттар, қабылдау және өткізу актісі, қаржылық және басқа да құжаттар қамтылады. Егер растайтын құжаттар болмаған жағдайда немесе  субъект инвестициялық  бағдарлама шараларын орындамаса, біз өтемдік тарифті енгіземіз, яғни қаржыны тұтынушыларға қайтарамыз.

Мәселен, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 10 миллиард теңгеден астам сомаға өтемдік тарифтер енгізілді. Оның ішінде «Астана - Аймақтық электрожелілік компаниясы» АҚ, «КазТрансОйл» АҚ, «Шығыс Қазақстан Аймақтық энергетикалық компаниясы», «КазТрансГазАймақ» АҚ кәсіпорындарына қатысты болды.

Өтемдік тарифтен басқа, инвестициялық бағдарламаларды орындамағаны үшін 628 миллион көлемінде айыппұл салынып, субъектілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 - Бір нақты жағдайға тоқталып өтейік. Кәсіпкер дүкен салды және оған электрмен жабдықтау жүйесін тарту қажет. Субъект кәсіпкерден трансформатор сатып алуын және оны кәсіпорын теңгерімінде қалдыруды талап етті. Бұл әрекет заңды ма?

- Тұтынушы жүйеге қосылуы үшін қажетті техникалық талаптарды алады, яғни онда тиісті жабдықтар мен қосылу орны ескертіледі. Құрылыс-монтаж жұмыстары, құрылғы алу тұтынушының қаржысы есебінен жүзеге асады.

Сәйкесінше, субъектінің меншігіне тұтынушының аталған мүлкін бергізу туралы талабы заңсыз. Алайда трансформатор немесе басқа да құрылғыларды күтіп ұстау керектігін әрі оған қызмет көрсету қажеттігін ескере отырып, тұтынушының өзі аталған мүлікті субъектінің теңгеріміне алуды сұрайды.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар