Жаңа Су кодексінің жобасы 2023 жылы Парламентке енгізіледі
2022 жылғы 14 сәуір 14:38

Жаңа Су кодексінің жобасы 2023 жылы Парламентке енгізіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңа Су кодексін әзірлеу бойынша жұмыс басталды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресрустар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, Президенттің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау үшін министрлік суару жүйелерін қайта құру және жаңғырту, су үнемдеуді ынталандыру есебінен суға сұранысты реттеу арқылы су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Өз кезегінде, бұл іс-шаралардың тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету үшін заңнамалық өзгерістер қажет. Бүгінгі таңда, министрлік тарапынан жаңа Су кодексін әзірлеу бойынша жұмыс басталды, оның жобасы 2023 жылдың бірінші жартысында Парламентке енгізілетін болады», - деді Серікқали Брекешев Сенаттың жалпы отырысында.

Оның айтуынша, су саласын дамыту перспективаларын биылғы мамыр айында өтетін парламенттік тыңдауларда қарау жоспарланып отыр. Оған Сенат депутаттары да қатысып, өз ұсыныстарымен бөліседі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Серікқали Брекешев гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігіне қатысты жеке заң әзірленетінін айтты.

Биыл ақпан айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке климаттың өзгеруі мен шекаралас елдердің саясатын ескеретін жаңа Су кодексін әзірлеуді тапсырды.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT