Жаңа Салық кодексінің жобасы қашан дайын болады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жаңа Салық кодексінің жобасын жан-жақты пысықтап, сапалы дайындау үшін 1,5 жыл уақыт керек. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата төрағасы жаңа Салық кодексінің жобасы Парламентке қашан енгізілетінін сұрады.

«Ұлттық жоспар бойынша келесі жылдың қыркүйегі белгіленіп отыр. Алайда талқылау барысында отандық әрі шетел сарапшылары бұл бағытта көбірек уақыт керек екенін айтып жатыр. Құжатты сапалы дайындау үшін кем дегенде бір жарым жыл керек. Біз белгіленген мерзімде орындау үшін тиісті жұмыстарды атқарамыз. Алдағы жарты жылдың ішінде белсенді іс-шараларды жүзеге асырмақпыз. Сондықтан бұл бағытта депутаттардың да қолдауы керек. Жүктелген тапсырма бойынша жаңа Салық кодексі 2024 жылдан бастап күшіне енуі тиіс», - деді Әлібек Қуантыров.

Бұл тұрғыда Сенат төрағасы М. Әшімбаев аталған құжат жан-жақты пысықталуы керек екенін айтты.

«Асығыс қабылданатын заң болмауы керек. Құжат Парламентке енгізілгенге дейін сенаторларды да жұмылдырып, жұмыс тобына кіргізіп, жан-жақты қарастыру маңызды» - деді Сенат спикері.


Соңғы жаңалықтар