Жаңа Президент өз бағдарламасын жүзеге асыруды бастап кетті - саясаттанушы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекшісі Алуа Жолдыбалина жаңадан сайланған Президенттің қызметі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, сайлауалды бағдарламаларда қоғам мен саяси пікірлердің негізгі идеологиялық бағытын көрсететін идеялар басым болды.

«Халықаралық қауымдастық үшін халықтың сайлаудағы азаматтық белсенділігі - белсенді саяси ұстанымының және азаматтар тарапынан көрсетілген патриоттықтың басты индикаторы. Атап өткен жөн, саясатқа қызығушылық төмендеген әлемдік трендте Қазақстан халқы жоғары азаматтық белсенділік пен сайлау процесіне қызығушылық танытты. Халықаралық байқаушылар президент сайлауының демократиялық принциптерге сай, ашық әрі әділ өткенін айтуда. Халықтың 77,4% сайлауға қатысты», - деді спикер «Қазақстанның даму траекториясы: сабақтастық, әділдік, өрлеу» атты дөңгелек үстелде.

Саясаттанушы жаңа Президенттің өз бағдарламасын жүзеге асыруды бастап кеткенін атап өтті.

«Жаңа Мемлекет басшысы өз басымдықтарын көрсетті, олар: әлеуметтік мәселелерді шешу, кәсіпкерлікті қолдау, қоғам бірлігін сақтау, халықтың табысын арттыру, жұмыспен қамту және сыбайлас жемқорлықпен күресу. Көріп отырғанымыздай, бұл басымдықтарды жүзеге асыру басталып та кетті. Мәселен, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бөлінуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның институционалды түрде нығаюын білдіреді. Кеше бірқатар кадрлық тағайындаулар болды. Жаңадан сайланған Президент жастар мен мемлекеттік басқару жүйесін жаңа кадрларға ауыстыруға ерекше мән беріп отыр. Президенттік кадрлық резерв қалыптастыруды және жас талантты басқарушыларды мемлекеттік қызметтің барлық деңгейінде қолдауды жалғастыруда», - дейді Алуа Жолдыбалина.

Соңғы жаңалықтар