Жаңа оқулықтарға қатысты 4 мыңнан астам ескерту мен ұсыныс түсті - БҒМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл оқушыларға арналған жаңа оқулықтар үлкен қоғамдық бағалау мен ғылыми-педагогикалық сараптамадан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР БҒМ сайтына сілтеме жасап.

«3, 6, 8 сыныптарға арналған оқулықтарды оқу үрдісіне енгізу бойынша ҚР БҒМ тарапынан бірқатар жұмыстар жүргізілді. Барлық оқулықтар республиканың 30 пилоттық мектебінде ғылыми-педагогикалық сараптама мен апробациядан өткізілді. Оқулықтарды қоғамдық бағалауды ұйымдастыру бойынша қыруар жұмыстар атқарылды», - делінген хабарламада.

Аталмыш оқулықтардың жобалары «Оқулық» Республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының «Қоғамдық бағалау» порталына орналастырылған. Кітаптарға қатысты ұстаздар мен мен ата-аналар қауымдастығынан 4 мыңнан астам ескерту мен ұсыныс келіп түскен. Министрліктің мәліметінше, Оқулықтарды жетілдіру барысында барлық ұсыныстар ескеріледі.

3, 6, 8 сыныптарға арналған оқулықтардың мазмұнымен педагогтарды таныстыру мақсатында өткен жылғы қараша айында еліміздің барлық өңірлерінде әдістемелік семинарлар өтті. Аталмыш шараларға оқулықтардың 160 авторы мен 7 мыңнан астам мұғалім мен әдіскер қатысты. Кездесулерге қатысушылар оқулықтардың құрылымы мен мазмұны бойынша өз ұсыныстары мен ескертулерін жеткізді.

Оқулықтардың сапасын арттыру үшін сараптама қорытындысын қарастыру бойынша құрылған пәндік комиссия құрамы 120 адамға ұлғайтылған. Комиссияға Мәжіліс депутаттары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. 3, 6, 8 сыныптарға арналған оқулықтар пәндік комиссиялардың екі отырысында қаралды.

Оқулықтардың лингвистикалық сараптамасы және әлеуметтік қабылдануын қарастыру мақсатында ҚР БҒМ алғаш рет жаңа жұмыс тобын ұйымдастырып, жұмыс тобына оқу литературасының сарапшылары, үздік мұғалімдер мен А.Байтұрсынов атындағы тіл институтының қызметкерлері, журналистер және қоғам өкілдерін, барлығы 74 адам мүшелікке қабылдады.

 

Соңғы жаңалықтар