Жаңа оқу жылындағы негізгі талаптар айқындалды - Үкімет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық тақырыбы қаралды. Елдегі санитарлық жағдайға байланысты 1 қыркүйектен бастап оқу жылы жалпы қашықтан оқыту форматында басталады. Індетпен сырқаттану деңгейінің тұрақты төмендеуіне байланысты білім беру ұйымдары санитарлық талаптарды сақтай отырып, оқытудың аралас және штаттық форматына біртіндеп көшуді жүзеге асыратын болады.

«Ата-аналар мен оқушылар үшін әдістемелік қолдау көрсету маңызды. Сондықтан тамыз айында балаларға және ата-аналарға «Үйде қалай оқу керек?», «Гигиена негіздері», «Кибермәдениет», «Интернет арқылы қалай оқу керек?», «Дене жаттығуларының маңызы» сияқты бірыңғай сынып сағаттары, ата-аналар жиналыстары өткізіледі. Білім күнін 1 қыркүйекте онлайн режимінде өткізуді жоспарладық», - деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Ведомство мәліметінше, жаңа оқу жылына дайындық қарқынды жүріп жатыр. 1 қыркүйектен бастап оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталатынын ескере отырып, қабылданған шешімге сәйкес, бұл жерде екі ерекшелік бар. Біріншіден, шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған мектептер эпидемиялық ахуал жақсы болған жағдайда оқуды дәстүрлі түрде бастайды. Екіншіден, бастауыш сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтініші негізінде қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптар ашылады.

Бұл жағдайда министр балалардың тек бір кабинетте бір мұғаліммен ғана оқитынын атап өтті. Үзілістер әртүрлі уақытта болады.

«Сыныптағы бала саны 15-тен аспайтын болады. Кезекші сыныптарға өтініштер қолжетімді байланыс құралдары арқылы электронды түрде қабылданады. Сонымен, алдын ала болжам бойынша интернет платформалар мен теледидарды пайдалана отырып, қашықтан оқыту форматында 2,6 млн оқушы, кезекші сыныптарда 530 мың бала, штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтілуде», - деді ведомство басшысы.

Көктемдегі тәжірибеге сәйкес, министрлік телесабақтарды да әзірлеуде. Телесабақтар өте қолжетімді құрал. Барлығы 6 мыңнан астам телесабақ түсірілуде. Теледидар сабақтары «әл-Фараби» мен «Ел-Арна» арналарында көрсетіледі. Кем дегенде әрқайсысында 9 сағаттан эфир берілді. Оған қоса, барлық телесабақтар интернетте орналастырылып, оқушылар үшін тегін әрі қолжетімді болады,

Оның сөзіне қарағанда, қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп осы арналармен қамтылу картасы дайындалды. Соның негізінде 604 елді мекенде осы каналдарға қол жетпейтіні анықталды, бірақ оның 314-інде ғана оқушы бар. Бұл мәселе жергілікті телеарналарға ретрансляциялау, спутниктік антенналар орнату арқылы шешіледі.

Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов оқулықтармен қамтамасыз етуге қатысты жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Оқулықтардың электрондық нұсқасы оқушылар мен мұғалімдерге QR-кодтар арқылы қолжетімді болады.

Белгілі болғандай, мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналардың қалауы бойынша балаларды кезекші топтарға қабылдау ұйымдастырылады. Сәйкесінше, бұл топтардағы балалардың саны он бестен аспауы тиіс.

Бұдан бөлек министр қосымша білім беру ұйымдарында оқыту шараларына тоқталды. Балалар ата-аналардың өтініші негізінде қашықтан немесе жеке тәртіппен оқуға, сонымен қатар бес баладан аспайтын шағын топтардағы үйірмелерге қатысатын болады.

«Арнайы білім беру ұйымдарының жұмысы біз үшін ерекше маңызға ие. Осы ерекше бүлдіршіндер қазіргі жағдайда үлкен назарды қажет етеді. Сондықтан ата-аналарының таңдауы бойынша арнайы онлайн кеңес беру немесе мамандардың жеке қабылдаулары ұйымдастырылады. Денсаулығында күрделі проблемалары бар балаларды қабылдау алдын ала жазылу тәртібімен жеке жүргізіледі», - деді А. Аймағамбетов.

Ал колледждерге тоқталатын болсақ, педагогикалық, IT, әлеуметтік, гуманитарлық бағыттардағы мамандықтар бойынша қашықтан оқыту, сондай-ақ технологиялық, аграрлық, медицина, өнер бағыттары бойынша аралас оқыту ұсынылды. Сәйкесінше, зертханалық жұмыстар мен өндірістік тәжірбиені штатты режимде жүргізуге мүмкіндік беріледі. Бұған қоса, алыс ауылдық жерлерде және шағын қалаларда орналасқан, бір топтағы студент саны 15-тен аспайтын 9 мыңнан аса студенті бар 102 колледж де штаттық режимде жұмыс істейді.

«Жоғары оқу орындарында оқыту негізінен қашықтан жүргізіледі. Бакалавриатта педагогикалық, IT, әлеуметтік және гуманитарлық бағыттар бойынша дәріс және семинар сабақтары қашықтан өткізіледі. Техникалық, аграрлық және табиғи бағыттар, медицина әрі өнер мамандықтары бойынша дәрістер мен семинарлардың 70 пайызы онлайн форматта, ал зертханалық және практикалық сабақтарды (30%) күшейтілген санитарлық шараларды қатаң сақтай отырып, жеке-жеке өткізуге мүмкіндік береміз», - деді Білім министрі.

Оның сөзіне қарағанда, магистратура мен докторантурадағы сабақтар аралас принциппен оқытылады. Ал болашақ дәрігерлер оқитын интернатура мен резидентурада оқу дәстүрлі, штатты формата жүретін болады. Осы берілген бағдардың аясында әрбір ұйым өздері дербес шемім қабылдайды.

«Оқу жылын бастау үшін қажетті нормативтік - әдістемелік құжаттарды қабылдау маңызды. Тиісті құжаттардың барлығын дайындадық. Қашықтан оқыту технологияларын қолдану және оқыту форматтары бойынша егжей-тегжейлі әрі қадамдық нұсқаулықтар әзірленді. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, білім беру ұйымдарының қызметін жүргізудің санитарлық талаптары да әзірленді», - деді министр Үкімет отырысында.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Асқар Мамин жаңа оқу жылына қатысты министрліктерге тиісті тапсырма жүктеді.

«Оқу жылының басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Дайындықты бұдан да жандандыру керек. Қашықтан оқытудың методологиясын пысықтап, балалар, ата-аналар мен мұғалімдердің арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Ол үшін 20 тамызға дейін алдағы оқу үрдісі туралы толық ақпарат бере отырып, онлайн режимде республикалық ата-аналар жиналысын ұйымдастыру керек», - деді Асқар Мамин.

Айта кетейік, Үкімет аса мұқтаж отбасы балаларын шамамен 500 мың компьютермен қамтамасыз етеді.

«Әкімдіктер компьютерлік техникамен қамтамасыз ету мәселесін жергілікті деңгейде қосымша пысықтасын», - деді Премьер-Министр.

Интернет сапасына ерекше мән беріледі.

Төртінші тоқсанда (өткен оқу жылында) өз интернет-платформаларын ұсынған IT компаниялар жаз мезгілінде айтылған ұсыныстар бойынша оқу процесіне қажетті жаңа функционалдар жасап, қашықтан оқытудың сапасын көтеру тұрғысында бірқатар жұмысты аяқтады. Мазмұн материалдарын толықтырумен қатар, сабақтарды жазу мүмкіндігі бар стримингтік бейнеконференция модульдерін дайындады. Оқу процесін басқарудың автоматтандырылған жүйелері, аналитика, бағалау және басқа да мүмкіндіктерді әзірленді. Қазіргі кезде әр мектеп IT компаниялардың интернет платформаларында педагогтардың сұраныстарына жауап беретін кез келген платформаны таңдауға құқылы. Осы қысқа мерзімде бірнеше жаңа платформалар да нарыққа шықты, бәсекелестік пен таңдау бар.

Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Бағдат Мусин елімізде интернет сапасын жақсартуға қосымша қаржы керектігін айтты.

«Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында радиожиілік спектрлеріне талдау жасалды. Осының негізінде қосымша антенна-діңгекті құрылыстар орнатылуы керек нақты локацияларды айқындадық. Бұл тұрғыда жер телімдері нақты көрсетіліп отыр. Осы мәселеге байланысты жер телімдерін бөлу мен электр энергиясын тартуда жәрдемдесу үшін әкімдіктерге тиісті тапсырма беруіңізді сұраймыз», - деді Б. Мусин Премьер-Министр Асқар Маминге қарата айтқан сөзінде.

Осы орайда ол әкімдіктермен бірлесе отырып, антенна-діңгекті нысандарды салатын жеке инвесторларды табуға дайын екендігін жеткізді.

«Бұл жұмыстардың нәтижесінде байланыс сапасы нашар аумақтардың проблемасын шешеміз. Мұндай жұмыстарды барлық жерде жүргізу керек», - деді Б. Мусин. Сонымен қатар ол сапалы интернеттің қажетін ескере отырып, радиожиілік желісін өлшейтін жылжымалы кешені бар автомобильдерді, сондай-ақ тасымалданатын өлшеуіш құралдарды алуға қосымша қаржы бөлуге қолдау көрсетуді сұрады.

Премьер-Министр Асқар Мамин жаңа оқу жылының басталуы алдында интернеттің сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз етуді жүктеді.

«Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 25 тамызына дейін оқушылар мен мұғалімдердің оқу жылының қашықтан басталуына толық дайын болуын қамтамасыз етсін. Мұғалімдер тиісті оқудан өткізілсін. Интернет-платформаларда және теледидарда қажетті контент толық көлемде дайындалсын», - деп тапсырды Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Премьер-Министр оқулықтар 25 тамызға дейін берілуі керектігін айтты. Оқулықтардың қағаз жүзіндегі нұсқаларының бәрінде міндетті түрде электрондық нұсқалары болуы тиіс, олар қолжетімді болуы керек.

«Цифрлық даму министрлігі әкімдіктермен және байланыс операторлармен бірлесіп, білім беру ресурстарының қолжетімділігі мен орнықтылығын, сондай-ақ елді мекендерде интернеттің сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз етсін», - деді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар