Жаңа оқу жылында жамбылдық оқушылар 100 пайыз оқулықпен қамтылады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында жаңа оқу жылында 442 мектепке 240 мыңнан аса оқушы барады. 1 сыныпқа болжаммен 22 327 оқушының келуі күтілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде өңірдегі мектерге 21 603 бала қабылданып үлгерген. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова айтып берді.

«Облыс мектептері оқу үдерісінде пайдаланатын жұмыс қалпындағы 52 797 дана компьютермен жабдықталған. Оның ішінде: қашықтықтан оқитын балаларды компьютерлік техникамен қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы жергілікті бюджет есебінен 4832 дана, республикалық бюджет есебінен 26 483 дана компьютерлік техника алынған»,- деді Жәмила

Бекбатырова.

Сонымен қатар, өткен жылы облыс бойынша 1 компьютерге келетін оқушылар саны 8 оқушыны құраса, ағымдағы жылы сатып алынған компьютерлік техникалар есебінен бұл көрсеткіш 4 оқушыға жеткен.

«Барлық мектеп «Күнделік» ақпараттық жүйесіне қосылған. 2022-2023оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді және қосымша оқу құралдарын сатып алу үшін 3,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Жаңа оқу жылында оқушылар оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Бүгінгі күні оқулықтарды баспадан тасымалдау жұмыстары басталған десек, оны 15 тамызға дейін аяқтау көзделіп отыр»,-деді спикер.

Білім мекемелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты мәселе. Осы мақсатта облыстағы мектептер мен балабақшаларда 100 пайыз бейнебақылау камералары орнатылыпты.

Облыстағы 442 мектептің 47-де турникеттер және Тараз қаласындағы 18 мектепте дабыл түймесі бар. Сондай-ақ, 42 мектепке дабыл түймесі ғимараттың кіреберісіне жаңадан орнатылады, оған 10 млн. 462 мың теңге қаржы қарастырылып отыр.

Мектептерде қауіпсіздік ережелері бекітіліп, онда мектепке келушілерді тіркеу, қабылдау, шығарып салу регламенті айқындалған. Ата-аналар және бөгде адамдар білім нысанына кіру кезінде вахта қызметінде міндеті түрде тіркеледі.

Жалпы облыс мектептерінде 795 вахтер, 1366 мектеп қарауылдары жұмыс істеуде, барлық мектептерде мамандандырылған күзетті ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылуда. Мектептер 100 пайыз ғимарат ішіндегі әжетханалармен қамтамасыз етілген.


Соңғы жаңалықтар