Жаңа оқу жылында талапкерлерді ЖОО-ларға қабылдау квотасы бекітіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жаңа оқу жылына арналған талапкерлерді жоғары оқу орындарына қабылдау квотасының мөлшері бекітілуі мүмкін. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрінің бұйырық-жобасы «Ашық» НҚА порталында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысынан жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшері бекітілсін», - делінген бұйрық-жобасында.

Құжатқа сай, жаңа оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасы мына мөлшерде бекітілді:

1. бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар арасынан шыққан азаматтар үшін – 1%;

2. басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер үшін – 0,5%;

3. ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын білім беру бағдарламалары бойынша оқуға ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін – 35%;

4. ҚР азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін – 4%;

5. жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы ҚР азаматтары үшін – 1%;

6. ҚР Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан ҚР азаматтары үшін – 5%;

7. кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 5%;

8. кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар үшін – 1%;

9. бала кезінен мүгедектігі бар балаларды, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 1%.

Министр бұйрығы 15 мамырға дейін көпшілік талқылауда болады.


Соңғы жаңалықтар