Жаңа оқу жылы қарсаңында СҚО-дағы 9 мектеп пен 11 балабақшаның басшысы ауысты

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 900-ден астам студент мұғалім мамандығы бойынша диплом алды, олардың 36-сы әкім грантымен бітірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО білім басқармасының мәліметінше, өңірде 16 мың ұстаз еңбек етеді. Қазіргі уақытта 600-ге жуық мұғалімнің орны бос, бірақ бұл – уақытша мәселе.

«Биыл педагогикалық мамандықтар бойынша жергілікті университетті 16 мың адам бітірді, олардың 36-сы СҚО әкімінің гранты бойынша білім алған. Бұдан басқа М. Жұмабаев атындағы жоғары колледжді мұғалімдік мамандығы бойынша 300 түлек аяқтады. Сондықтан, бос орындар 1 қыркүйекке дейін жабылады», - дейді СҚО білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.

Сондай-ақ, биыл алғаш рет білім беру мекемелері басшыларының арасында ротация өтті. Нәтижесінде 9 орта мектептің директоры және мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің 11 меңгерушісі ауысты.

Бұған дейін СҚО мектептеріне математика, орыс және шет тілдері, физика-информатика пәндерінің ұстаздары жетіспейтінін айтқан едік. Жас мамандар ауылдағы білім ордаларына жұмыс істеуге барған жағдайда «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатыса алады.


Соңғы жаңалықтар