Жаңа облыстардың әкімдерінде қанша орынбасар болады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңадан құрылған облыстарға қосымша қаражат бөлінуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қосымша қаражат бөлу қажет болатыны түсінікті. Жаңадан құрылған әкімдіктерге нысандарды сатып алуға, қосымша штат санына қосымша қаражат керек болады. Осы орайда жергілікті бюджеттен және республикалық бюджеттен бөлінеді», - деді Әлібек Қуантыров Орталық коммуникациялар қызметінде.

Ол үшін тиісті тетіктер қарастырылған, ресурстар да бар.

Осыған дейін айтылғандай, 12 млрд теңге жаңадан құрылған облыстардағы әкімдіктер мен басқармалардың жұмысын ұйымдастыруға қарастырылған.

Сонымен қатар ол облыс әкімдерінің орынбасарларына қатысты сұраққа жауап берді.

«Аталған өңірлерге тоқталасақ, әр облыс бойынша үш орынбасардан қарастырылған», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Әлібек Қуантыров жаңадан құрылған облыстарда инфрақұрылым мен жолдардың сапасына қатысты проблема бар екенін айтты.

Өткен аптада Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды.

Сонымен қатар, Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі болды, Нұрлан Ұранхаев Абай облысының әкімі лауазымына тағайындалды.

Ал Жетісу облысының әкімі қызметіне Бейбіт Исабаев келді.


Соңғы жаңалықтар