Жаңа министр полицейлердің баспана мәселесін қалай шешеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев шалғай ауылдарда учаскелік полицейлердің баспана мәселесін қалай шешетінін айтты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шыны керек, полиция қызметкерлерінің баспана мәселесі өзекті болып тұр. Бұрын қызметтік пәтер алуға құқығымыз болса, қазір ондай жеңілдік жоқ. Қазір жергілікті жерде әкімдіктер алдымен учаскелік полицейлерге көмектесіп жатыр. Ең бастысы, ондай шаралармен шалғай жатқан барлық ауылдар мен кенттерді қамту қажет. Сонда ол жердегі xалық қауіпсіздік үшін алаңдамайды. Біз әкімдіктерге өтініш жасадық, полиция бекетін үймен жапсарлас етіп салуды сұрадық. Сол кезде полиция қызметкері ары-бері шапқылап жүрмейді. Өз бекетінде тұрады әрі жұмыс істейді», - деді Е.Тұрғымбаев журналистерге берген сұxбатында.

Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде республика бойынша 159 мың құқық қорғаушы жұмыс істейді. Олардың ішінде Қылмыстық атқару жүйесі, Төтенше жағдайлар департаменттері мен Ұлттық гвардия қызметкерлері кіреді. Қазіргі кезде 35 мың полиция қызметкері баспанаға зәру.

Айта кетейік, күні кеше ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында да министр Ерлан Тұрғымбаев полицейлердің баспана мәселесін көтерген болатын.

«ІІМ-нің ведомстволық тұрғын үй қоры да, құрылыс ұйымы да жоқ. Сондықтан қызметкерлер жергілікті атқарушы органдар арқылы жалпы негізде баспанамен қамтамасыз етілуі тиіс. Жергілікті жерлерде бұл проблема кейбір өңірлерде қоспағанда өте баяу шешіліп жатыр. Қызметкерлерге баспана жалдауға ақшалай өтемақы төлеу айтарлықтай әлеуметтік қолдау шарасы саналады. Бұл ретте «ҚР Ішкі істер органдары туралы» заңмен ол ішкі істер органдарының барлық қызметкерлері үшін бекітілген. Алайда, бүгінгі күні ІІМ-нің бюджеттік қорының шектеулі болуына байланысты Үкімет шешімімен бұл жеңілдікті жедел-тергеу бөлімшелерінің 6,5 мың қызметкері ғана пайдаланады. Бұл өтемақы берілуі тиіс қызметкерлердің тек 1/6 бөлігі», - дейді Е.Тұрғымбаев.

Соңғы жаңалықтар