Жаңа мектеп саларда талшықты-оптикалық байланыс орнату талап етіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әкімдіктер 2023 жылдың соңына дейін әр мектеп ішінен локалды желінің болуын қамтамасыз етуі қажет. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мектептерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін министрлік келесі шараларды ұсынады. Бірінші, әкімдіктер 2023 жылдың тамызына дейін Халықаралық электрбайланыс талабына сәйкес, 2 810 мектептегі Интернет жылдамдығын арттыру және елдімекен ішіндегі 266 мектепке дейін талшықты оптика желісін құруы қажет. Екінші, министрлік байланыс операторларымен бірлесіп, 2024 жылдың соңына дейін 2 764 мектептегі трансмиссияларды талшықты оптика немесе радиорелелік байланыс желілеріне ауыстырып, шалғайдағы 574 мектепті спутниктік байланыспен қамтамасыз етеді», - деді Б. Мусин Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа мектептерге қойылатын басты талап – талшықты-оптикалық байланыс орнату болмақ.

«Бүгінгі таңда мектептердің көпшілігі интернетке қосылған. Алайда, сол мектептер ішінде локалды немесе Wi-Fi желісінің болмауынан оқушылар Интернетке қосыла алмай зардап шегуде. Кей мектептерде тек қана директор, есепші және санаулы кабинетте интернет болады, ал тұтас мектеп толыққанды интернетпен қамтылмаған. Сол себепті, министрлік мектептерде бұл мәселені локалды желі мен Wi-Fi нүктелерін ұйымдастыру арқылы шешу тәсілін ұсынуда Интернетке кіру нүктесі 200 құрылғының жұмысын бір уақытта қамтамасыз етіп, барлық оқу бөлмелері мен зертханаларда және мектеп ауласына дейін Wi-Fi желісін қамтуы тиіс», - деді Б. Мусин.

Сонымен бірге, Цифрлық даму министрлігі мектептер үшін байланыс операторларының бірыңғай байланыс орталығын құруды қолға алмақ.

«Ал әкімдіктер 2023 жылдың соңына дейін әр мектеп ішінден локалды желінің болуын қамтамасыз етуі қажет», - деді Бағдат Мусин.


Соңғы жаңалықтар