Жаңа механизм бойынша көппәтерлі үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары қалай жүргізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңа механизм бойынша көппәтерлі үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары қалай жүргізілетінін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, бұл бағытта алдағы екі жылға арналып республикалық бюджеттен 30 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жергілікті атқарушы органдар шұғыл күрделі жөндеуді талап ететін тұрғын үйлер бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуі керек. Осыдан кейін бюджет қаражаты есебінен жергілікті атқарушы орган үйге күрделі жөндеу жүргізетіні туралы аталған үйлердің тұрғындарымен келісім жасайды. Қазір байқасаңыздар, сіздерге екі – ағымдық және жинақтаушы шот келеді. Яғни, ағымдық шот арқылы сіз қазір өзіңізге көрсетіліп жатқан қызмет үшін ақы төлесеңіз, жинақтаушы шот – сіздің үйіңіздің зейнетақы жинағы іспеттес», - Қайырбек Өскенбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, жинақтаушы шоттың ақшасын тек үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін ғана ақша жұмсалады.

«Біз қазір тиісті заңнамалық ережелер мен актілердің бәрін дайындап жатырмыз. Идея мынадай: жергілікті әкімдік республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат пен өз бюджетінен шығаратын қаражатты қосып, қазір сіз тұрған көппәтерлі үйді күрделі жөндеуден өткізеді. Ал сіз ағымдық ай сайынғы төлемді жүргізіп отырасыз. Сонымен бірге, осы уақытта жинақтаушы шотқа жиналған сома күрделі жөндеуге кетеді. 8 жыл өткеннен кейін жинақтаушы шотқа жиналған ақша жүргізілген жұмыс үшін әкімдікке беріледі. Ал егер жинақтаушы шотттағы ақша жетпесе, Тұрғын үй жинақ банкі қалған қарыз бойынша 2 пайызбен несие береді», - деді ол.

Аталған механизммен жұмыс биылдан басталады.

«Аталған заң жалпы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына үлкен инвестиция тартқалы отыр. Бірнеше жылдан кейін көркейген қалаларымызды танымай қалатынымызға сенімдімін. Аталған заң ақыры жергілікті атқарушы органдарға қасбеттерді, шатырларды жөндеу бойынша құқық беріп отыр», - деді ол.

Еске сала кетсек, Қайырбек Өскенбаев жақында қабылданған жаңа заң бойынша ПИК жұмысына қандай өзгерістер енгізілетінін айтып берген болатын.



Соңғы жаңалықтар