Жаңа Қылмыстық кодексінде лаңкестікке қатысты қылмыстық жауапкершілік күшейтілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінде экстремизм мен лаңкестікке қатысты қылмыстық жауапкершілік күшейтілді.

Сонымен қатар құжатта радикалды идеологияларды тарату фактісі үшін , оның ішінде бұл әрекеттерді жаңа технологияларды пайдаланып жүзеге асыру іс-қимылдарына жауапкершілік қатаңдатылды.

Кодекстің 257-бабында террористiк топ құрып, сол сияқты оған басшылық еткендердің мүлкi тәркiленiп, сегiз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Мұнымен қоса, террористiк топтың әрекетіне немесе ол жасап жатқан терроризм актiлерiне қатысу - мүлкi тәркiленiп, алты жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Айта кетейік, Кодекстің 273-бабында лаңкестік актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлағандарды жазаға тарту мәселесі қамтылған. «Дайындалып жатқан терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», - делінген Кодексте.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда жаңа Қылмыстық кодекс күшіне енді. Онда ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға қатысты санкцияларды қатаңдату қарастырылған. Сонымен қатар кодексте жеңіл-желпі құқық бұзушылықтарға заңнаманы ізгілендіру де көзделіп отыр.

Соңғы жаңалықтар