Жаңа құрамдағы Мәжіліс: Палатаның екі комитетін парламенттік оппозиция өкілдері басқарады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7-ші шақырылған Парламенттің 1-ші сессиясын ашты. Мемлекет басшысы құрамы жаңғырған жаңа Мәжілістің қызметке кірісуі еліміз үшін символдық мәні бар екі оқиғамен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Ол – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы мен қазіргі заманғы Қазақстан парламентаризмінің ширек ғасырлық белеске жеткені. Мемлекет басшысы осы тарихи кезеңде сенім мандатына ие болған депутаттар халық үмітін ақтап, Отанымызға адал қызмет ететініне сенім білдірді.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кешенді реформалар жүргізілетін болады. Барлық күш-жігерімізді тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құруға жұмылдыруымыз керек. Басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың жемісті болғанын қалайды. Біз осы мақсаттағы ауқымды жұмыстарға барлық белсенді азаматтарды тартамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев көздеген мақсатқа жету үшін барлық салаларда дәйекті өзгерістер жасалатынын, ол үшін қандай басымдықтарға мән беруіміз қажет екенін айтты. Қазақстан Президентінің айтуынша, ең алдымен, құқықтық мемлекетті дамытуға және азаматтардың билік органдарына сенімін нығайтуға күш салу керек.

Президент екінші басымдық ретінде күшті және инклюзивті қоғам құрудың негізгі құралы тиімді әлеуметтік саясат екенін айтты. Сонымен қатар әлем «білім экономикасына» қарай жылжып бара жатқанын атап өтті.

Үшіншіден, Ұлттық экономика тұрақты дамымай, халықтың әл-ауқатын арттыру мүмкін емес. Президент белгілеген басымдықтың бірі осы. Мемлекет басшысы Үкіметке экономикалық белсенділікті қолдауға бағытталған контрциклды макроэкономикалық саясатты жалғастыруды тапсырды.

Төртінші басымдық аумақ пен кеңістік тұрғысынан еліміздің теңгерімді дамуына арналған. Бұл ретте барлық өңірлерді біртұтас экономикалық кеңістік арқылы байланыстыратын аса маңызды салаларды дамытуға баса назар аударылады.

Бесіншіден, Қазақстандағы реформалардың басты бағытының бірі – саяси жаңғыру. Президент биыл жекелеген ауылдық округтерде сайлау өтетінін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы алтыншы басымдық тұрғысында азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігін арттыру, жастар саясатын жетілдіру және қайырымдылық қызметін қолдау мәселелерін де ұдайы назарда ұстау қажеттігін айтты.

Бұдан бөлек адам құқықтарын толық қорғау мемлекеттің басты мақсатының бірі болып қала беретінін атап өтті. Бұл ретте, азаматтардың таңдау еркіндігін барынша қамтамасыз ету өте маңызды.

VII сайланған Парламенттің алғашқы жалпы отырысы

Елде соңғы үш айға созылған сайлау науқаны аяқталып, жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары анықталды. Осы орайда Парламент Мәжілісінде VII сайланған Парламенттің алғашқы жалпы отырысында депутаттар ант беріп, қызметтеріне кірісті.

Заңнамаға сәйкес, отырыс барысында депутаттар алдымен Мәжілістің жаңа төрағасын жасырын дауыс арқылы сайлауға кірісті. Бұл кандидатураға Нұрлан Нығматулин ұсынылды. Осы орайда оның кандидатурасы жасырын дауыс беру бюллетеніне енгізілді.

Айта кетерлігі, сайлауға қатысты жасырын дауыстарды санау үшін жеті депутаттан тұратын санақ комиссиясы құрылған болатын. ҚР Конституциясына сәйкес, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Мәжіліс депутаттарының арасынан палата депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Мәжіліс төрағасының қызметіне кандидатураны палата депутаттары ұсынады.

Жасырын дауыс үшін Мәжіліс холында арнайы кабиналар жабдықталып, сайлау жәшігі орнатылған. Дауыстарды санау үшін Есеп комиссиясы жасақталып, оның төрағасы - Мәжіліс депутаты Мұхтар Ерман, хатшысы - Айгүл Нұркина болды.

Дауыс беру нәтижесі бойынша депутаттар аталған кандидатураға қолдау білдірді.

«Ең алдымен, мені тағы да осы жоғары лауазымды қызметке - Мәжіліс төрағасы ретінде сайлағандарың үшін шын жүректен алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер! Біріншіден, бұл мен үшін өте үлкен жауапкершілік. Сондықтан да әрқашан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзіме жүктеген міндеттерін жоғары деңгейде орындау үшін, сіздердің және біздің сайлаушылардың сенімін ақтау үшін барлық жинаған білімімді, тәжірибемді жұмсайтын боламын», - деді Мәжіліс төрағасы болып сайланған Нұрлан Нығматулин.

Еске сала кетейік, 14 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы фракциясының отырысында Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының жетекшісі қызметіне Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын ұсынды. Фракция депутаттары Елбасының ұсынысын бірауыздан қолдады. Сондай-ақ, Мәжіліс спикері лауазымына Нұрлан Нығматулинның кандидатурасын ұсыну мәселесі де қаралды.

Мәжілістегі өзге де лауазымдар...

Бүгін жалпы отырыс барысында ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасарлары лауазымына Павел Казанцев пен Балайым Кесебаева сайланды.

«Балайым Туғанбайқызы 6-шы шақырылым депутаты болған, тәжіріибесі мол білікті заңгер. Көп жылдар бойы әділет органдарында қызмет атқарды. 6-шы шақырылымда Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болды. Заң шығару қызметіне белсенді қатысып, өзінің кәсіби шеберлігін көрсетті», - деді Мәжіліс төрағасы.

Нұрлан Нығматулин екінші орынбасары Павел Казанцевтің жергілікті атқарушы органдарда жұмыс тәжірибесі мол екендігін, 6-шы шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты болғанын атап өтті.

Айтпақшы, ҚР Парламенті Мәжілісінің 2 комитетін парламенттік оппозиция өкілі басқаратын болды. ҚР Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы заңның 7-бабына сәйкес, палата тұрақты комитеттерінің төрағалары Мәжіліс отырысында ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы палата депутаттары жалпы санының дауысымен сайланады.

Осы ретте депутат Әлия Сапарова комитет төрағаларын ашық дауыс беруді ұсынып, қолдау тапты.

«Парламенттік оппозиция мәселелері бойынша қабылданған заңнамаға сәйкес, Мәжілістің кем дегенде бір тұрақты комитетінің төрағасы парламенттік оппозициядан сайланады. Сонымен қатар парламенттік оппозиция басқа да тұрақты комитеттердің төрағалары лауазымына кандидат ұсына алады. Бүгінгі жалпы отырысқа дейін парламенттік көпшілік және парламенттік оппозицияға кіретін партиялар фракцияларының басшыларымен тиісті кеңестер өтті. Кеңес барысында келісілген шешімге сәйкес, Мәжілістің 2 комитеті - Аграрлық мәселелер («Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы) мен Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитеттерінің (Қазақстан халық партиясы) төрағалары парламенттік оппозициядан ұсынылады. Ал қалған 5 комитет төрағалары парламенттік көпшіліктен, яғни «Nur Otan» партиясы фракциясынан сайланады», - деді Мәжіліс төрағасы.

Сонымен Нұрлан Нығматулиннің ұсынысымен:

- Аграрлық мәселелер комитетіне парламенттік оппозициядан Ерлан Барлыбаев, («Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы)

- Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне Жәмила Нұрманбетова,

- Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне Қанат Мусин,

- Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне Айгүл Құспан,

- Қаржы және бюджет комитетіне Марат Құсайынов,

- Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетіне Альберт Рау,

- Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетіне парламенттік оппозициядан Александр Милютин (Қазақстан Халық партиясы) төраға болып сайланды.


Соңғы жаңалықтар