Жаңа Қазақстанның экономикалық саясатын әзірлеуге кірістік - Үкімет басшысы

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Орталық Азия елдері саммитінде Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі прогресс талқыланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Саммит ҚР Үкіметі Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен әріптестікте Еуропалық одақ пен Азия Даму банкінің қаржылық қолдауымен ұйымдастырылды.
Екінші өңірлік Саммитке өңір елдері үкіметтерінің саяси көшбасшылары, халықаралық сарапшылар, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық топтардың өкілдері, жеке сектордың басшылары және Орталық Азияның азаматтық қоғамының өкілдері қатысады.
Саммитке қатысушылар Орталық Азиядағы ірі және шағын қалаларды дамыту үшін жергілікті шешімдерді және Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) оқшаулау арқылы олардың тұрақты дамуға көшуін талқылайды. Сондай-ақ, жекелеген сессиялар мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, тұрақты даму үшін әйелдер мен жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, ТДМ-ды қаржыландыру мен климаттық күн тәртібімен синергиясын қамтамасыз ету, сондай-ақ ТДМ-ға қол жеткізуді жеделдету үшін жаңа әріптестіктерді құру мәселелеріне арналады.
Саммитті Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов ашты. Әлихан Смайылов өз сөзінде Қазақстан БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі күн тәртібіне қол жеткізуді жақтайтынын, мұның дәлелі ретінде ұлттық даму стратегиялары мен бағдарламаларына Тұрақты даму мақсаттарының индикаторларының енгізілуін атап өтті.
Елімізде қабылданған міндеттемелерді жүзеге асыру үшін, Тұрақты Даму Мақсаттары бойынша Үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Сонымен бірге, Премьер-Министрдің айтуынша, жаһандық экономикадағы терең құрылымдық өзгерістер аясында, ұлттық экономикалық даму саясатын орта мерзімді кезеңге бейімдеу қажет болды.
«Осыған байланысты біз бизнес-қауымдастық пен халықаралық ұйымдар сарапшыларының белсенді қатысуымен Жаңа Қазақстанның экономикалық саясатын әзірлеуге кірістік. Осы құжат аясында инвестициялық ахуал мен бизнес-ортаны жақсарту, мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту, инновациялар мен баламалы энергияны енгізу, жасыл қаржыландыруды кеңейту бойынша жаңа шаралар әзірленуде», - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар