Жаңа қазақстандық жол талғамайтын көліктің тұсауы кесілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «AllurAuto» компаниясы тағы бір жаңа қазақстандық жол талғамайтын көліктің тұсауын ресми түрде кесті.

SsangYong Nomad аталатын отандық джипті бүгін БАҚ өкілдері Алатаудың тау-тасында сынап көрді.

Жанармай қозғалтқышының көлемі 2.3, қуаты 150 а.к. болатын жаңа көліктің құны 23700 АҚШ долларынан, 28 300 АҚШ доллары аралығында.

Автокөлік лицензиялы Мерседес-Бенс қозғалтқышымен, толық жетек жүйесі, заманауи қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған.

Қазақстан Автобизнес Қауымдастығының төрағасы Андрей Лаврентьевтің айтуынша, биыл аталған көліктің 2400 данасын жасап шығару жоспарланған. Бұл сан нарықтағы ахуал мен сұранысқа негізделген.

Қазіргі таңда зауытта осы желі бойынша 600 маман жұмыс істейді. Ал 2017 жылға дейін қызметкерлер саны 2000 адамға дейін артады деп жоспарлануда.

Кореялық және отандық мамандар жоба бойынша жұмыс істеу барысында екі жыл бойы бірқатар зерттеулер мен талдаулар жүргізді.

SsangYong Nomad - бұл Қазақстанда құрылған ұсақ торапты тәсілмен әрі 30 пайыздық тұйықтау арқылы өндірілген алғашқы жоба.

«2018 жылға қарай Кеден одағы шеңберінде бөлшек өндірісінің артуына байланысты тұйықтауды 50 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Қостанай зауытының басқарма төрағасы Алексей Сидоренко.

«AllurAuto» компаниясы аталған көліктерді 2015 жылы Ресей, Әзербайжан, Беларусь елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр.

«Осыдан төрт жыл бұрын Қазақстанда әлемдік брендтерді тартуға мүмкіндік беретін автокөлік индустриясының дамуына екінің бірі сене бермейтін. Бүгінде Қазақстанның жаңа индустриалды даму көшінің қарсаңында тұрғандығына өзіміз куә болып отырмыз. SsangYong Nomad - бұл тек алғашқы қадам. Алда бізді жарқын болашақ күтіп тұр. Күмәнмен қарайтындардың саны азайғаны қуантады», - деді А.Лаврентьев.

Соңғы жаңалықтар