Жаңа Қазақстанды құруға деген жаңа көзқарас қалыптасты - Альбина Елшиева

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың жедел және оң шешімінің нәтижесінде Тәуелсіз мемлекетіміз жаңа даму кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысы Мәжілістің кеңейтілген отырысында халық мүддесі үшін нақты және үйлесімді жұмыс жасау қажеттігі туралы ұсыныстарын айтып, нақты тапсырмалар жүктеді, дейді Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Альбина Елшиева.

«Президент болашақ міндеттер мен одан әрі дамудың жаңа перспективаларын белгілеп, реформаларды іске асыруға толық дайын болу қажет екендігін ерекше атап өтті. Ел дамуының барлық негізгі бағыттары бойынша іске асырылып жатқан жобаларға сыни және кешенді талдау жасап бір қатарына нақты тоқталды. Соның ішінде білім саласын реформалау және сапасын арттыру бағытында 2025 жылға дейін дамыған елдердегі беделді 5 жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу қажетті туралы тапсырмасы жастарға үлкен серпін берді» - дейді ол.

Бүгінде ел ішінде ауыр науқасқа шалдыққан балаларын емдетуге жағдайы жетпей жүрген жандар көп. Олар көпшіліктен қолдауды қажет ететіні анық. Альбина Балғабайқызы Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде құрылған «Қазақстан Халқына» атты қоғамдық қоры ел ішіндегі мұқтаж жандарға демеу болатынын айтып өтті. «Бұл көптеген ата-анаға үлкен үміт сыйлады» - дейді ол.

«Сонымен қатар, еліміздің жаңа экономикалық саясаты алдағы кезеңде барлық қазақстандықтың өмір сүруі мен әл-ауқаты жоғары деңгейде болуын қамтамасыз ету қажеттілігі айтылып, осы мақсатта Қазақстан Даму Банкінің жұмыс форматын елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға көмектесетіндей қайта қарауды ұсынды» - дейді Альбина Елшиева.

Мемлекет басшысы халықтың көкейінде жүрген мәселелерді дөп басып айтқанын жеткізген халық қалаулысы ел тұрғындары алдағы күндерге жаңа үмітпен қарап отырғандығын жеткізді.

«Президент жаңа үкіметке еліміздегі құқық қорғау органдары жүйесіне түбегейлі реформа жасау, халықтың табысын арттыру, «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заң жобасын әзірлеуді тапсырды. «Жастар іс-тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін созып, еңбекақысын көтеру мүмкіндігін қарастыру керектігін айтты. Халықтың әлеуметтік осал тобындағы жастардың іскерлік бастамаларын іске асыруға жағдай жасау маңызды екендігін жеткізіп, гранттардың мөлшерін 400 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейтуді жүктеді. Мұның баршасы да халықтың көңілінен шықты. Елде жаңа Қазақстан құруға деген жаңа көзқарас қалыптасты», - дейді Альбина Елшиева.


Соңғы жаңалықтар