Жаңа Қазақстанды құруға атсалысу – жастардың да борышы – Әділгерей Зұлхаров

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзіне орай жаңа Қазақстанды құруға атсалысу – біздің де борышымыз. БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Әділгерей Зұлхаров осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, бүгін халық арасында қордаланып қалған өзекті мәселелер қозғалып, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктелді.

-Жастар өкілі ретінде Мемлекет басшысының «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына өзгеріс енгізу қажет деген тапсырмасын жылы қабылдадық, деді ол.

Қос жоба бойынша жастардың жұмыс істеу мерзімі ұзартылып, жалақы мөлшерін көбейту туралы тапсырма берілді.

Енді Үкімет тез арада шешім қабылдап, жастарды жобаның жаңа ережелеріне сәйкес қызметке орналасуына қолдау көрсетсе, іс нәтижесі арта түсер еді.

Сондай-ақ жастардың жаңа бастамаларына берілетін гранттардың құны 400 АЕК-ке дейін өсетіні қуантады. Бұл әлеуметтік осал топтағы жастардың өз идеяларын іске асыру жолындағы зор мүмкіндік болар еді.

«Сонымен қатар алдағы уақытта әлемнің 5 жоғары оқу орнының филиалдарын Қазақстанда ашу мүмкіндігі қарастырылатыны жастардың болашағына даңғыл жол ашады. Себебі білім алу үшін мұхит асып, шетелге шығудың қажеттілігі азаяды. Өз Отанымызда оқып, туған жердің дамуына үлкен үлес қосу мүмкіндігі арта түспек. Осы орайда Президент тарапынан айтылған ұсыныстар мен алға қойылған тапсырмалардың толығымен орындалуы үшін әр маман, соның ішінде жастар өз деңгейінде еңбек етсе, Қазақстанымыздың жаңарып, дамитыны анық», деп түйіндеді сөзін Ә.Зұлхаров.


Соңғы жаңалықтар