Жаңа Қазақстанда жасандылыққа жол берілмейді - Ерлан Қошанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңа Қазақстанда жасандылыққа жол берілмейді. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін палатаның жалпы отырысынан кейін тілшілер Е.Қошановтан Жаңа Қазақстанда қандай өзгерістер болатынын сұрады.

«Жаңа Қазақстанда ашықтықты көріп отырсыздар, жасандылықтан кетіп жатырмыз. Жаңа Қазақстан бір күнде ғана құрыла салмайды ғой», - деп тоқталды Мәжіліс төрағасы.

«Өздеріңіз де өзгерулеріңіз керек. Сондықтан әр адам өзіне осы сұрақты қойғаны дұрыс. Жалпы қоғамның өзгергені маңызды», - деді Ерлан Қошанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжіліс төрағасы өткен референдум Жаңа Қазақстанға жол ашқанын айтқан еді.

«Бірлігі бекем ел екенін күллі әлемге паш етіп, болашаққа нық сеніммен қадам басты. Бірлік пен сенім – «Жаңа Қазақстанның» негізгі тірегі. Халқымызда ертеңге деген сенім бар, ауызбірлік бар, татулық пен тұрақтылық бар. Ендігі кезекте, Президентіміздің маңайына топтасып, осы сенім мен ынтымақты еселей түсуге тиіспіз. Алға қойған биік мақсаттардың бәріне бірге қол жеткізуіміз керек. Референдум – «Жаңа Қазақстанға» жол ашты. Оны халқымыз жақсы қабылдағанын көрдік. Халықаралық және отандық сарапшылар да науқанның әділ әрі ашық өткенін айтып, жақсы пікір білдіріп жатыр. Бұл – үлкен істің басы ғана. Алымызда бұдан да маңызды әрі ауқымды жұмыс күтіп тұр», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар