Жаңа Қазақстанда ескіше ойлайтын полицейлер болмайтынына сенімдімін – Марат Ахметжановпен сұхбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент таяуда құқық қорғау саласын жетілдіру бойынша шаралар қабылдап, Жаңа Қазақстанға лайықты полиция құру міндетін жүктеді. Осы орайда өзгерістің өзегіне айналған саланың бірінші басшысы, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов реформалардың бағытын баяндап, ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

- Марат Мұратұлы, полицияның 30 жылдығына арналған жиында Президент Жаңа Әділетті Қазақстанды құру үшін бірінші кезекте азаматтардың құқығы қатаң сақталуы керек екенін баса айтты. Сондықтан осыған жауапты орган (ҚР ІІМ) тиісті реформа жүргізуі қажет деді. Енді бұл бағытта Сіздің ведомствода қандай шаралар қолға алынады?

- Бұл уақытқа дейін полиция саласында әрине көп реформалар жасалып, ауқымды жұмыстар жүргізілді. Былтыр Президентіміз халыққа Жолдауында мемлекеттік органдарды «Министр ауысса, саланың саясаты да өзгереді», деп сынға алды. Сондықтан, біз қазіргі уақытта жаһанды реформа емес, полицияның жұмысын жетілдіру, жақсарту бағытында шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл шаралар жаңа және заманауи, халықтың сұраныстарына, қоғамның мүддесін қорғауға бағытталған полиция құруды көздейді. Атап айтқанда, бюрократиядан арылту, цифрландыру және оңтайландыру бағыттарын басымдыққа қойдық. Бұл жұмыс Президенттің «Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту туралы» Жарлығының логикалық жалғасы.

Қазіргі уақытта қызметке керек емес, ешкімге де пайдасы жоқ есептік ақпараттар, анықтамалар, рапорттар жасау міндеттерін алып тастап жатырмыз. Мысалы, талдау көрсеткендей учаскелік инспекторлардың керек емес, пайдасы жоқ көп міндеттеріне байланысты бір тәуліктегі жұмысы 11 сағатқа дейін созылып кеткен.

Бір айда 15 сағаттан 22 сағатқа дейін артық жұмыс істеуге мәжбүр. Жұмыс уақытының 45 пайызын жиналыстар, анықтама дайындау және расталмаған фактілер бойынша материал жинауға жұмсайды екен. Ал ең басты міндеті - профилактикаға тек 2-ақ пайызын бөліп отырған.

Қазір біз осыны ретке келтіріп жатырмыз. Қызметкерлерді есеп мәліметтерін қолмен жасаудан босатып, процестерді автоматтандырып жатырмыз. Құжаттың қағаз күйіндегі айналымын төмендету шарасын қолға алдық.

Бұған қоса, полиция жұмысының сервистік моделін енгізу жалғасуда. Полиция сервисінің мәні - құқықтық тәртіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуде шағымданушыға бағдарланған тәсіл. Мұның алдында министрлік Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының халықаралық сарапшыларымен бірге осы саладағы ең үздік әлемдік тәжірибені зерттеген болатын. Дәлірек айтқанда, Ұлыбритания, Канада, АҚШ және басқа да дамыған мемлекеттердің тәжірибесі негізге алынды. Бұл мемлекеттерде осы сервистік модельді енгізу шараларына 10 жылдан аса уақыт кеткен екен. Қазіргі күні ІІМ халықаралық сарапшылармен бірге Қарағанды, Алматы қаласы мен елордада және бірқатар өңірлерде сервистік модельдің пилоттық жобасын іске асыруды қолға алды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, бұл жоба біртіндеп еліміздің барлық өңірлерінде енгізілетін болады.

Сервистік модель өз кезегінде бірқатар жаңа міндеттерді айқындайды. Оның біріншісі - құқық тәртібін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Екіншісі - полицияның жұмыс процестерін қайта құру. Біз осы ауқымды жобаларды іске асыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз.

- Полицияға түбегейлі реформа жүргізілгенімен, ескі жүйеде қалғысы келетін кадрлар болатыны анық. Жалпы, ескіше ойлайтындармен реформа жүргізу мүмкін бе?

- Жаңа Қазақстан полициясы өз жұмысында проблемалық бағдарлы тәсілдерді қолдануға тиіс. Меніңше, бұл жаңа өзгерістерге саналы адамның ешқайсысы қарсы болмайды. Сондықтан ескі жүйеде қалғысы келетін полиция қызметкерлері кездеспейтініне сенімдімін.

Алдағы уақытта қарапайым қазақстандықтар полициядағы өзгерістерді сезінуі тиіс. Біз осыған бар күш-жігерімізді салып жатырмыз.

- Былтыр жүргізілген сауалнама нәтижесі қазақстандықтардың 39 пайызы ғана полицияға сенетінін көрсеткен. Құқық қорғау органдарына деген сенімнің жоғары емес екенін Мемлекет басшысы да айтты. Неге халықтың сенімі аз?

- «Global Peace Index» халықаралық ұйымының рейтингі бойынша, Қазақстан қауіпсіздік жағынан 163 мемлекет арасында 70-ші орында. Ал, ТМД елдері ішінде 1-орында.

2020 жылы еліміздің Ұлттық статистика бюросы жүргізген сауалнама бойынша, азаматтардың 39%-ы полицияға толық, 38%-ы жартылай сенеді. Осы көрсеткіштерге сүйеніп айтар болсақ, жалпы халықтың 80 пайызға жуығы полицияны өзінің қорғаны санайды, сенім артады.

Президенттің тапсырмасы бойынша, «Халыққа құлақ асатын мемлекет» қағидасын іске асыру үшін азаматтарды қабылдау тәртібі өзгерді. Барлық қалалар мен аудандарда 252 азаматтарды қабылдау бөлімдері құрылды. Онда құқықтық және консультативті көмек беріледі.

Ашығын айту керек, БАҚ өкілдерінің көпшілігі қазіргі көрсеткіштермен жақын таныс емес. Сұрақ қойғанда бұрынғы көрсеткіштерді алға тартып жатады. Бұрынғы полициядан қазіргі полиция әлдеқайда жоғарылады. Жоғарыда тілге тиек болған жоспарлар сәтімен жүзеге асқанда, бұл көрсеткіш әлі де жақсара түсетініне сенімдіміз.

- Қоғамда: «Полиция қызметкерлері - жемқор. Әсіресе, патрульдік полицейлер хаттама толтырмасын десең, ақша беру керек», - деген стереотип бар. Ескертейік, бәріне бірдей жала жабудан аулақпыз. Енді білгіміз келетіні - олар неге пара алады? Мүмкін олардың жалақысы мардымсыз немесе мұндай теріс тәбетке қоғам өзі итермелейтін шығар?

- Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратында, Көліктегі ПД, әскери-тергеу басқармалары мен аумақтық полиция департаменттерінде тегіс бейнекамералар орнату жұмыстары аяқталып келеді. Халықпен жұмысты жүзеге асыратын полиция кабинеттерінде 18 148 бейнекамера орнатылды.

Сондай-ақ, биыл 7 сәуірде Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осы қ ұжат шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында өзара қызығушылық тудыратын ақпарат алмасу, бірлескен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне мониторинг және талдау жүргізу көзделіп отыр.

Ішкі істер министрлігі полиция қатарындағы сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу үшін бірінші кезекте жемқорлыққа итермелейтін алғышарттарды жоюды мақсат етті. Сол үшін біз барлық бөлімшелерде ішкі талдау жүргізіп, басты себептерді анықтауға кірістік.

Жасыратыны жоқ, полиция қызметкерлері халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтіндіктен, тұрмыстық деңгейдегі жемқорлыққа барынша бейім келеді. Мемлекет басшысы да жемқорлықты түп-тамырымен жоюды бірнеше рет айтқан болатын. Біз осы ынтымақтастық арқылы ақшаға сатылмайтын, қызметіне адал полицейлердің қатарын көбейтуді мақсат тұтамыз. Сонда ғана халық полицияға сенеді, өзінің қорғаны тұтатын болады.

- Соңғы бірнеше жылда заңсыз жиындарға шыққан қазақстандықтарды (әсіресе, жастар мен әйелдер) полиция қызметкерлері ауыр күш қолдану арқылы көліктерге отырғызып жатқан видеолар youtube хостингінде тарады. Заңсыз әрекет болса, жаза алуы міндетті. Дегенмен құқық бұзушыларды барысында оларға неге күш қолданылады?

- Жасыратыны жоқ, қаңтар оқиғасынан кейін азаптау туралы шағымдар көп түсті. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 187-бабының 4-бөлігіне сәйкес, өңірлердегі Өзіндік қауіпсіздік басқармаларында тіркелген азаптаулар туралы барлық қылмыстық істер аумақтық прокуратура органдары арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке берілді. Осы ретте мынаған тоқтала кеткен жөн: өтініш берушілердің көпшілігі (96,3%) нақты адамдарды көрсетпейді. 2022 жылғы 17 маусымдағы жағдай бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 137 істі тоқтатты. Жалпы алғанда, полицияның күш көрсетуіне қатысты шағымдар өз дәлелін таппайды. Біз өз тарапымыздан жеке құрам арасында әдеп кодексін үнемі насихаттап отырамыз.

- Қоғамда резонанс тудырған оқиғалардың (тұрмыстық зорлық-зомбылық, балаларға қатысты оқиғалар, зорлау фактілері т.б.) басым бөлігінде зардап шеккен тарап полицияға жүгінгенімен, ешқандай шара қолданылмағанын айтып, әлеуметтік желіден көмек сұрауға мәжбүр болып жатады. Полицейлер отбасындағы жанжалда да көп жағдайда күш көрсеткен (ер) адамның жағында болады, деген шағымдар жиі естіледі. Құрметті министр мырза, жағдай неге бұлай болып тұр?

- Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы ішкі істер органдары қызметі бағыттарының бірі. Елдегі құқық бұзушылықтардың жалпы жай-күйі және мемлекетіміздің болашағын құрайтын отбасы институтының дамуы осы жұмыстың тиімділігіне байланысты.

Соңғы жылдары заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ішкі істер органдарына отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаушыларға ықпал ету тетіктерін кеңейте отырып құқық бұзушылықтардың алдын алу процесіне тиімді ықпал етуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі өз құзыреті шегінде бірқатар ұйымдастырушылық және практикалық шаралар қабылдады. Қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тарту, қорғау нұсқамаларын шығару, мінез-құлыққа ерекше талаптар белгілеу бөлігінде жанжал шығарушылармен алдын алу жұмысы жандандырылды.

Мәслен, ІІМ Ақтөбе заң институтында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша мамандар даярлау орталығы құрылды. Онда жыл сайын 400-ден астам полиция қызметкері оқытудан өтеді.

Ішкі қайта бөлу есебінен инспекторлар саны әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғауға қауқарлы деңгейіне жетті. Енді олар әрбір қалалық және аудандық полиция бөліністерінде бар. Бұл - әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне жедел әрекет етуге көмектеседі.

Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық қылмыстарын тергеумен айналысатын тергеушілердің біліктілігін жетілдіріп, олардың бағытын сол салаға негіздеу жұмыстары атқарылды.

Тұтастай алғанда, қабылданатын ұйымдастырушылық және құқықтық шаралардың нәтижесінде, ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша тұрмыстық қылмыстық мен құқық бұзушылықтардың саны 5,6 пайызға төмендегені байқалады. Яғни, 393-тен 371-ге дейін.

Мысалы, 2018 жылы - 919, 2019 жылы - 1052, 2020 жылы - 1072, 2021 жылы - 1022 зорлық-зомбылық фактісі тіркелген еді. Әсіресе, 2019 жылдан бастап пандемия кезеңінде мұндай оқиғалар жиіледі.

Алайда, жасалған тұрмыстық құқық бұзушылықтарды талдау көрсеткендей, негізінен отбасылық жанжалдар отбасының материалдық деңгейінің төмендігі, маскүнемдік, адамгершілік құндылықтардың төмендеуі және отбасы институтының жоғалуы салдарынан туындайды.

Алкоголь ішімдігі, қатыгездік, зорлық-зомбылықты және әйелдің қадір-қасиетін төмендетуді насихаттайтын интернет ресурстарының қолжетімді болуы жағдайды күрделендіріп отыр.

Осылайша, қазіргі уақытта ішкі істер органдары негізінен зорлық-зомбылық салдарымен жұмыс істейді. Өйткені алдын алу шараларын қолдану тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі жасалғаннан кейін ғана мүмкін болады.

Практика көрсеткендей, заңды қатайту арқылы отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мүмкін емес. Оның салдары ажырасулардың көбеюіне ықпал етеді. Мұндай жағдай әлеуметтік жетімдік, толық емес және аз қамтылған отбасылар санының артуы, алимент төлемеу сияқты басқа да әлеуметтік проблемаларды туындатады.

Ішкі істер органдары оңалту және отбасылық жанжал шығаратындармен республика бойынша тәрбие жұмыстарын жүргізіп тұрады. Мәселен, олар «Тұрмыс», «Қадағалау», «Учаске», «Отбасы» және басқа да жобалар шеңберінде ұйымдастырылады. Пәтерді аралау кезінде балалар тұратын отбасыларға назар аударылады. Зорлық-зомбылық фактілері анықталған жағдайда оларға әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі ұйымдар арқылы көмек көрсетіледі.

- Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болғандар қайда жүгініп, қандай көмек ала алады?

- Қазіргі уақытта ішкі істер органдары 49 дағдарыс орталығымен өзара іс-қимыл жасауда. Олардың 39-да баспана бар. Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына уақытша пана беріледі. Онда құқықтық, медициналық, әлеуметтік, сондай-ақ психологиялық көмек көрсетіледі, тренингтер мен консультациялар өткізіледі.

Ағымдағы жылы полицейлер қиын өмірлік жағдайға тап болған балалары бар 7 мыңнан астам әйелді дағдарыс орталықтарына жіберді. Жыл басынан 3 мың, оның ішінде 700-ге жуық зорлық-зомбылық құрбаны уақытша баспанаға орналастырылды.

Дағдарыстық сенім телефондарының «жедел желісі» жұмыс істейді, онда азаматтардан келіп түскен өтініштер бойынша заң консультациясы беріледі және психологиялық көмек көрсетіледі, нәтижесінде зардап шеккендер кейіннен өз құқықтарын қорғау үшін полицияға жүгінеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 5197 әйелге кеңес беріліп, оның 1366-сы кейін ішкі істер органдарына жүгінді, нәтижесінде 85 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал 1594 адам әкімшілік жаза арқалады.

Жыл сайын үкіметтік емес сектормен бірлесіп, «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» және «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» тақырыптарында құқық бұзушылық жасауға бейім адамдармен жеке-профилактикалық жұмысты жүзеге асыруға, құқық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетуге бағытталған жұмыстар БАҚ-та кеңінен жарияланады.

- Құқық қорғау органдарында қызметкерлердің жетіспеушілігі бар ма?

- Қазіргі таңда полиция бөліністері бойынша жасақтау жұмыстары тұрақты түрде іске асырылуда. Жалпы бекітілген нормаға сәйкес, полицейлер саны 8 пайызға ғана жетіспейді. Бірақ, болашақта бұл мәселе де түбегейлі шешімін табары анық. Ішкі істер саласын жоғары білікті мамандармен толықтыру – біздің басты стратегиялық мақсатымыз. Осы мақсатқа орай, полиция қатарына тек ведомстволық оқу орындарын бітірген түлектерді ғана емес, өзге де жоғарғы оқу орындарын бітірген мамандарды тартуға баса көңіл бөлініп отыр. Елімізде жоғары білім беретін заңгерлік оқу орындары жеткілікті. Осы жерлерден заңгер мамандығын алып шыққан түлектерді полиция қатарына ІІМ Академиялары арқылы тарту көзделген. Ол үшін жоғары білімді заңгерлер ішкі істер органдарына қабылданар кезде академия жанынан ұйымдастырылған бастапқы оқу курсында даярлықтан өтеді.

Мәселен, үміткер тергеуші, жедел уәкіл мамандығын қаласа, 6 айлық оқу курсынан өтеді. Ішкі істер органдарының басқа қызмет бағыттары бойынша 3 айлық оқу курстарына жолданады. Айта кету керек, кадр резервін даярлаудың мұндай жүйесі әлемдік тәжірибеде бар және ол өзін ақтаған жүйе. Кадр мәселесін жедел шешуде біз де осы кең таралған әрі сенімді халықаралық тәжірибеге сүйеніп отырмыз.

- Полиция қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мақсатында қандай шаралар қабылданады?

- Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтік актілерімен ішкі істер органдарының қызметкерлеріне әлеуметтік кепілдіктер, жеңілдіктер мен әлеуметтік қолдау шаралары белгіленген.

Солардың бірі - қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан жағдайда біржолғы өтемақы төлеу.

Сонымен қатар, «Құқық қорғау органдары» туралы Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, қызмет атқару барысында қаза болған қызметкердің отбасы 1 жыл ішінде тұрғын үймен қамтамасыз етілуі тиіс.

Қазір Сенатта осы әлеуметтік қолдауға қатысты заң жобасы қаралып жатыр. Жаңа заң бойынша қызметте жүріп ауырып қайтыс болғандардың отбасына да 60 айлық жалақы көлемінде бiр жолғы өтемақы төленеді. Бұндай өтемақы пандемия кезінде қайтыс болған қызметкерлер отбасына да берілген болатын.

Жаңа заңда қайтыс болған қызметкердің отбасын тұрып жатқан үйінен шығаруға тыйым салатын да норма бар. Ішкі істер органдарында бұрын қызмет еткен бірқатар қызметкерлердің еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы алу құқығы қалпына келтірілмек. Айта кету керек, қызметкерлердің, сонымен қатар қаза болған қызметкерлердің балалары балабақшаға кезектен тыс орналасады. Сонымен қатар, депутаттар бастамасымен бірқатар әлеуметтік қолдау туралы нормалар енгізілді. Атап айтсақ, қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасына, балаларына ай сайын төлемдер берілетін болады. Ә р отбасы мүшесіне айлық жалақысының 40% төленіп тұрады. Жалпы көлемі 100% жалақыдан аспауы тиіс. Оны әйелі немесе жұбайы өмір бойы ала алады. Ал егер балалары студент болса, онда оларға төлемақы 23 жасқа дейін беріледі. Ауыр жарақат алып, қызметін әрі қарай жалғастыра алмайтын қызметкерлерге де осындай төлемақы беруді ұсынып отырмыз. Өз міндеттерін орындау кезінде қызметкердің мүлкіне келтірілген залал бюджет есебінен қайтару қарастырылмақ.

Сондай-ақ жаңа заңда қызметте жүріп мерт болған немесе мүгедектік алған қызметкерлердің балаларын еліміздегі жоғары оқу орындарында тегін оқыту жағы да қарастырылған. Жалпы, әлеуметтік қолдау бағытында осындай басты шараларымыз бар. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жетілдіріле береді.

- Өзіңіз басқарып отырған саланың қызметкерлерінің біліктілігіне қандай баға бересіз?

- Сала қызметкерлеріне бағаны ең бірінші халық береді. Полицияның жұмысын сол халықтың бағасына қарап бағамдаймыз.

- Марат Мұратұлы, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!


Фото: gov.kz


Соңғы жаңалықтар