Жаңа Қазақстан құндылықтарын көрсететін балаларға арналған кітапшалар шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Жаңа Адамдар» жастар қозғалысы жаңа Қазақстан мен ондағы тұрғындардың ең асыл құндылықтары туралы балаларға арналған боямақ кітапшалар шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанды бірге салайық» боямақтары балаларға жақсы қасиеттерді ойын түрінде сіңіруге бағытталған.

«Біз адам бойындағы ең жақсы қасиеттерді таңдап, оларды басты кейіпкерлер – Арман мен Диананың көмегімен кітапшаларымыздағы балалар суреттерінде көрсеттік. 18 иллюстрация - бұл жаңа Қазақстанның болашақ құрылысшыларына бояуға ұсынылған 18 сюжет», - делінген баспасөз баянында.

«Қазақстанды бірге салайық» боямағының тұсаукесері 28 қаңтар күні астанадағы «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығында өтті. Оған қатысқан «Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы» КММ-нің 4-12 жас аралығындағы балалар кітапшаларды алғашқы болып көріп, оларды алғашқы болып бояп көрді.

«Президент Тоқаев:»Біздің дана халқымызда «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген мақал бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие саласы басымдықта болуы керек», - деп айтқан болатын. Біз балаларға арналған жай ғана бояу кітапшасын дайындаған жоқпыз. Ондағы әрбір сурет балалардың нағыз қазақстандық болып өсуіне көмектесетін адами қасиеттер мен құндылықтарды сипаттайды. Балалар суреттерді бояй отырып, сол құндылықты бойына сіңіріп отырады. Сонымен қатар бұл ата-аналар үшін балаларымен маңызды дүние – еліміздің болашағы туралы сөйлесуге себеп бола алады», - дейді «Жаңа Адамдар» белсендісі Мирас Ахметов.


Фото ұйымдастырушылармен ұсынылды
Соңғы жаңалықтар