Жаңа қаулы: ШҚО-дағы мешіттерде жұма намазын оқуға шектеу қойылды
2022 жылғы 17 қаңтар 09:11

Жаңа қаулы: ШҚО-дағы мешіттерде жұма намазын оқуға шектеу қойылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы мешіттеоде жұма намазын оқуға шектеу қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды. Онда жазылғандай, өңірдің «қызыл» аймаққа енуіне байланысты бірқатар шектеулер енгізілген. Санитарлық талаптар 20 қаңтардан бастап, оның ішінде Ashyq жобасына қатысатын нысандарда да жүзеге асырылады.

«Концерт залдары, театр, цирк, филармония қызметіне тыйым салынды. Діни объектілерде (мешіт, шіркеу, собор, синагога) ұжымдық іс-шаралар (жұма намазы, діни жоралар және т. б.) өткізуге рұқсат етілмейді. Конференция, семинар, көрме, форумдар өткізуге шектеу қойылды. Сондай-ақ түнгі клубтар жабылады», делінген құжатта.

Спорттық-сауықтыру нысандарына, фитнес және йога-орталықтарына, моншаларға, сауналарға, бассейндерге тек «жасыл» статусы бар адамдар кіргізіледі. Қоғамдық тамақтану нысандарында бір үстелге отыратындар саны 4 адамға дейін қысқарады. Ал кинотеатрлардың толымдылығы 30%-дан аспауы тиіс.

«Барлық мектептерде вакцинаның толық курсын алған 9, 11-сыныптар ғана штаттық форматта оқиды. Ал қалған оқушылар онлайн форматқа көшіріледі. Егер бір бала коронавирус жұқтырса, сынып түгелдей 14 күн үй карантиніне оқшауланады. Колледждер мен ЖОО студенттері үшін аралас оқыту форматы бекітілген. Барлық дәрістер онлайн жүргізілсе, тәжірибе, зертхана, семинар сабақтары штаттық режимде өтеді», - делінген қаулыда.



Jańalyqtar

MURAǴAT