Жаңа қаулы: Павлодарда карантин шектеулері қатаңдатылды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысында шектеу шаралары қатаңдатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Павлодар облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері міндетін атқарушының жаңа қаулысы жарияланды. Онда жазылғандай, өңір бойынша ашық және жабық ғимараттарда салтанатты шаралар мен спорттық сайыстарды өткізуге тыйым салынған.

«Караоке-барлар, бильярд залдары, түнгі клубтар жабылады. Сондай-ақ мәдениет объектілерінің, театрлар мен кинотеатрлардың жұмысына тыйым салынды. Балалар ойын-сауық орталықтары мен сауықтыру лагерьлері де жұмыс істемейді. Бұдан бөлек, жиналыстарды бетпе-бет өткізуге рұқсат берілмейді», - делінген құжатта.

Облысаралық, облысішілік, қалааралық және ауданаралық автобус, шағын автобус жолаушылар тасымалы тоқтатылады (Павлодар-Ақсу, Павлодар-Кемеңгер, Павлодар-Заңғар бағыттарын қоспағанда).

«Кезекші топтарды санамағанда мектепке дейінгі мекемелердің қызметіне тыйым салынған. Демалыс күндері азық-түлік жәрмеңкесін өткізуге болмайды. Күшейтілген санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып ашық ауадағы аттракциондардың жұмысына рұқсат берілген», - делінген қаулыда.

Сонымен қатар 300 адамға дейінгі контингенті бар қалалық және ауылдық мектептерде сыныптағы балалар санын 25-тен асырмай дәстүрлі форматта оқыту жалғаса бермек.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Павлодар облысы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес «қызыл аймақта» тұр.


Соңғы жаңалықтар