Жаңа қаулы: Маңғыстауда қатаң талаптарды сақтай отырып, той жасауға рұқсат берілді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда облыстық бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асылбек Шаров айтты.

Оның айтуынша, Маңғыстау өңірі 20 қыркүйек күні «жасыл» аймаққа кірді.

Осыған сәйкес, ведомствоаралық комиссияның шешімімен аймақта бірқатар жеңілдету шарасы қолға алынған.

Облыс аумағында карантин шектеу шараларын жеңілдету туралы жаңа қаулы 29 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

«Жаңа қаулыға байланысты Маңғыстауда той ұйымдастыруға рұқсат. Бірақ бірнеше талап бар. Біріншіден, мейрамхана міндетті түрде «Ashyq» жобасының қатысушысы болуы тиіс. Келушілердің «Ashyq» жобасындағы мәртебесі «жасыл» болуы қажет. Сондай-ақ, нысан тек 50% толымдылықпен жұмыс істей алады. Яғни, шараға ең көп дегенде 100 адам ғана қатыса алады», - деді Асылбек Шаров.

Құжатқа сәйкес, Ashyq жобасына қатысатын сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері мен базарлардың қызметіне еш шектеу жоқ.

«Бұл нысандар өздерінің жұмыс кестесіне сай жұмыс істейді. Ал дәмхана және тамақтану объектілері 70 орыннан асырмай, 50% толымдылықпен жұмыс істейді», - деді Асылбек Шаров.


Соңғы жаңалықтар