Жаңа индустрияландыру: Оралдағы «Квант» ЖШС жаңа жиһаз фабрикасын ашпақ (фото)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Квант» ЖШС Орал қаласында жаңа жиһаз фабрикасын ашпақ. Серіктестік директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Юрий Рогановтың айтуынша, индустрияландыру картасына енгізілген аталмыш жоба құны 1,1 млрд. теңге болса, соның 370 млн. теңгесі - кәсіпорынның өз қаржысы, 730 млн. теңгесі - зайымдық қаржы. Жоба барысында 42 жаңа жұмыс орны ашылады.

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемені демеуқаржыландыру бойынша мемлекеттен қолдау алған кәсіпорын өндіріс аясын осылайша кеңейте түспек.

Қазіргі таңда ірі нысанның ішкі жұмыстары ғана атқарылуда. Көп ұзамай германиялық Nomag фирмасының жабдықтары орнатылады. Биыл жазда іске қосылуы көзделіп отырған жаңа фабрикада жатын, асүй және балалар гарнитурлары, басқа да түрлі жиһаздар шығарылмақ. Мамандардың пайымдауынша, бұл өндіріс көлемін екі есе ұлғайтуға мүмкіндік береді. Күні бүгін де кәсіпорын цехтарында жиһаздар жасалуда. Негізінен сериялы түрде шығарылатын өнімдер өз еліміздің нарығына бағытталған. Ақсай, Атырау қалаларында «Кванттың» өз дүкендері болса, басқа облыстарға да сауда желілері арқылы жіберіледі. Кәсіпорын бұдан бұрын корпустық жиһаз үшін матрастар мен пенополиуретан өндірісін жолға қойған болатын. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған бұл жобаның құны - 390 млн. теңге (300 млн. теңге - несие, 90 млн. теңге - өз қаржысы). Жұмсақ және корпустық жиһаз үшін пенополиуретан мен матрастар кәсіпорынның өз қажеті үшін өндіріледі. Бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетуге септеседі. Өткен жылы 208,1 млн. теңгеге 121,7 тонна пенополиуретан мен 9850 дана матрас өндіріліп, жоба 70 пайыздық қуатына шықты. Айта кетейік, 1991 жылы құрылған «Квант» ЖШС аудио, бейне және тұрмыстық техникалардың көтерме және бөлшек саудаларымен де айналысады, ірі сауда орталықтары бар. Көптеген шетелдік ірі компаниялардың ресми дилері болып табылатын «Квантта» 1200-дей адам еңбек етеді. Мұнда қысқарту туралы әңгіме жоқ. Қайта өндіріс орындарын кеңейту арқылы мамандарды одан әрі тұрақтандыруға күш салынуда. Ең бастысы, елімізде отандық өндіріске баса назар аударылып отырған кезеңде жаңа технология негізінде бәсекеге қабілеттілікті арттыра түсуға ерекше мән берілуде.

Соңғы жаңалықтар