Жаңа индустрияландыру: «Конденсат» АҚ әлемдік талаптарға сай келетін мотор отынын шығармақ

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Осы жылдың аяғына қарай «Конденсат» АҚ республикада бірінші болып әлемдік талаптарға сай келетін К5 экологиялық сыныпты мотор отынын өндіруге кірісуді көздеп отыр.

Мотор отынын өндіретін аталмыш қондырғының екінші кезеңі 2012 жылы басталған болатын. «Конденсат» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Валерий Жүнісовтің айтуынша, индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылып жатқан бұл аса маңызды жоба 1998 жылы Елбасының қатысуымен іске қосылған зауытты жаңғыртудың кезекті кезеңі болып табылады. Бастапқыда зауыт Қарашығанақ кеніші газ конденсатын тек тұрақтандырумен айналысқан еді. Кейін дизельді отын, бензин және мазут өндіре бастады. Дизельді отын негізінен ішкі нарыққа бағытталса, қалған өнімдер экспортқа жөнелтілді. Еуразиялық экономикалық одақ Еуро-4, Еуро-5 талаптарына сай келетін отын өндіруді міндеттегеннен кейін жағдай да өзгерді. Осыған орай зауытта о бастан жоғары сапалы мотор отынын өндіру міндеті қойылды.

Жобаға шетелдік әріптестер тартылды. «Северодонецкий ОРГХИМ» компаниясының қазақстандық филиалы бас жобалаушы болса, жабдықтарды американдық «Ventech Engineers» компаниясы, бірқатар ресейлік кәсіпорындар жеткізуде. Оған қоса Ресейдің жетекші институттарының бірі - ВНИИУС (Татарстан) зауытта күкіртті мұнай өнімдерінен айыру технологиясын енгізеді, бұл Еуро-5 экологиялық талаптарына сай болуға мүмкіндік береді. Көптеген жұмыс көлемі қазақстандықтардың күшімен атқарылуда.

Бұл жобаның жаңалығы сол, оны жүзеге асыру үшін ұлыбританиялық «UOP LIMITED» компаниясынан бензинді изомеризациялау технологиясын пайдалануға лицензия алынған. Бұл бензиннің молекулалық құрамын өзгертуге мүмкіндік беретін күрделі технология болып табылады. Яғни ол өнімнің октандық санын химиялық-термиялық жолмен көбейту деген сөз. Егер жобаны Нельсон коэффициенті бойынша бағаласақ, жаңғыртудан кейін зауыттағы өндіріс коэффициенті 5,5 есе жоғары болмақ.

Жаңа өндірістің жобалық қуаты - жылына 220 мың тонна АИ-92 және АИ-95 ныспылы бензин өндіру. Зауыт АИ-98 бензинін де шығара алады, дегенмен көпшіліктің сұранысына ие өнімге бағыт ұсталады. Мұнда бұдан басқа 200 мың тонна К5 сыныпты дизель отынын, сонымен қатар вакуумды газойль мен гудрон шығарылады. Газойль шетелге кетсе, гудрон битум өндіретін таяу маңдағы қазақстандық зауыттарға жіберіледі.

Жоба жүзеге асқаннан кейін зауыт жоғары сапалы автомобиль отынымен облыс қажетін түгелдей, көршілес Ақтөбенің сұранысын 50 пайызға өтей алады. Бәрі де, әрине, бәсекеге байланысты. Сондықтан компания басшылығы Қазақстанның көршілес аймақтарымен қатар Ресейдің шекаралас өңірлеріне шығуды көздеп отыр. Бұл жерде ресейлік мұнай өңдеу зауыттарымен бәсекеге түсуге мүмкіндік бар. Қазір Қазақстанда Павлодар, Шымкент, Атырауда үш ірі мұнай өңдеу зауыты болса, олар мұнай өнімдерімен елдің 80 пайыз қажетін өтеуде. Қалғанын ресейлік және аз бөлігін қытайлық өндірушілер толтыруда. Ең басты мақсат - отандық өнім тапшылығын қысқарту. Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртуды 2016-2017 жылдары аяқтайтын болса, оралдық зауыт биыл бітірмек. Бұл арада үлесті мол қарпу үшін уақыттан да ұтуға болады.

Жаңғырту жұмыстары біткеннен кейін зауыт штаты 70 адамға көбеймек. Осы ретте жергілікті кадрларға үміт артылып отыр. Олардың алды оқып, сынақтан өтіп үлгерді. Енлі олар жарты жыл бойы кәсіпорында тәжірибеден өтіп, реттеу-іске қосу жұмыстарына қатысады. Жаңа өндіріс орнына кәсіби бағытта өсуге дайын «Конденсат» компаниялар тобының мамандары да шақырылады.

«Жетпіс жұмыс орны, бір қарағанда, көп болмағанымен, мәселе олардың жоғары біліктілігінде. Бұл мамандар Қазақстандағы күрделі өндірісті басқаратын болады. Соған сәйкес сапалы өнімнің өтімділігі жоғары, одан келетін пайда да аз болмайтыны анық», - деді В.Жүнісов.

Соңғы жаңалықтар